Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақ стартапшыларына кеңес!

Қазақ стартапшыларына кеңес!

Кез-келген бизнес стартап арқылы басталады. Стартап үшін идеяңыз дайын болғанымен, оны дамыту оңай шаруа емес. Қазақстаның "Кремний алқабы" атанған Almaty Tech Garden класстері өз тәжірибелерімен бөілісіп, отандық стартапшылар үшін кеңестерін ұсынады. 

Ұсыныс сұранысты тудырмайды

"Ұсыныс сұранысты тудырады" деген сөз тіпті де стартаптарға келмейді. Стартаптың мақсаты - сұраныс жоқ жерді анықтау. Түсініктірек айтқанда, нарықты зерттеп, өз идеяларыңыз арқылы қандай проблеманы шешуге болатынын байқаңыз. Егер ол мәселе көпшілігі үшін маңызды болса, демек жобаны кең көлемде жүзеге асыруға болады. Егер идея ерекше болса, оны орындау қаншалық күрделі деген пунктті ойлану керек. Бұл жерде қаржыландыру деңгейі, сіздің кәсібилігіңіз - барлығы маңызды рол атқарады. Бірақ қолыңыздан келетіндігіне сенімді болыңыз.

Нақтырақ айтқанда. Ең ерекше мысал ретінде Google ұсынған модульді смартфон Project Ara-ны айтуға болады. Жоба бірнеше жыл құрастырылып, пилоттық бағдарламасы да ұсынылды. Бірақ өткен жылы қыркүйектің басында компания ресми түрде жобаны жапты. Барлық ғылыми және қаржылық зерттеулерге қарамастан, бағдарлама компания үшін әлі ерте деп танылды. Кейде тіпті Google-дің да шамасы келмейтін тұстары болады екен.

Өзіңіз туралы көбірек айтыңыз

Құрастырушылардың ең үлкен проблемасы - маркетинг және пиарды елемеу. Инвестиция алып, серіктестер тауып, сатылымды арттыру үшін жоба өзін дұрыс жарнамалай беру керек. Сондықтан ыңғайлы атау, әдемі логотип және БАҚ-пен жұмыс қажет. Бүгінде Қазақстанда стартаптар тақырыбы өте өзекті. Журналистер басылымдарындағы технологиялық айдарлар үшін қызықты контентті жиі іздейді. Сондықтан сапалы контентті өзіңіз ұсынып қалуға тырысыңыз. Сіздің артықшылығыңыз - инновациялық өнімді құрастырып қана қоймайсыз, сол туралы арнайы біліміңіз де бар. Пайдаланыңыз!

Нақтырақ айтқанда. Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда стартаптар өте аз. Ол жерде шығарылатын жүздеген мың өнімдер аудитория назары үшін күреседі. Біздегі жағдай басқаша. Аудитория стартаптар туралы білгісі келеді, БАҚ жазғысы келеді. Бірақ стартаптар өздері туралы өте аз айтады.

Барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз

Тағы қайталап айтайық, Қазақстанда стартап пен инновация тақырыбы өте өзекті. Коммерциялық сектор да жиі қызығушылық танытады. Конкурстар мен хакатондардың саны көбейіп, жыл сайын ондаған грант үлестіріледі. Мұның барлығы жобаңызға қаржы табуға болатын тамаша мүмкіндіктер.

Нақтырақ айтқанда. Алматыда "Инновациялық технологиялар паркі" деп аталатын арнайы экономикалық аймақ бар. Олар технологиялық компаниялар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынады. ІТ-компанияларға парк аумағында жұмыс істеудің де қажеті жоқ, тіркелу жеткілікті. Сондай-ақ парк аумағында стартаптарға арналған арнайы орталықтар бар. Осындай ақпараттың барлығын іздеп, тауып әрі пайдалану керек.

Инвесторлар іздеңіздер 

Алматы (жалпы алғанда Қазақстан) - өте тығыз кеңістік. Бизнесті дамыту үшін таныстардың да рөлі зор. Бірінші қадамды бастаған күннен бастап барлығымен танысыңыз, дұрыс қарым-қатынас орнатыңыз. Арнайы шақырудан қалмаңыз. Жобаңызды таныстыруға да үлгеріңіз. Өз салаңыздағылардың барлығымен байланыс орнатуға тырысыңыз. Әрине, үш F ережесін ( family, friends & fools - отбасы, достар және ақымақтар) ұмытпау керек.

Жобаны қаржыландыру көздері: үш Ғ, салалық субсидиялар, бизнес-періштелер, конкурстар, венчурлық қорлар, стратегиялық инвесторлар.

Көкжиегіңізді кеңейтеңіз

Қазақстандық стартаптардың көпшілігі мобильді қосымшалармен жұмыс істейді. Әрине, бұл - перспективасы жоғары бағыт. Бірақ көпшілігі байқай бермейтін, мүмкіндігі көп басқа да секторлар бар. Мысалы, ірі инновация тұтынушылары ретінде тау-кен өндірушілерді және өндіріс секторын айтуға болады. Бір қала тіршілігінің проблемасын шешу үшін де қаншама инновациялық жобалар керек. Яғни, көштен қалмайтын, маңыздылығы өте жоғары қаншама басқа да бағыттар бар.

Нақтырақ айтқанда. Қала өмірі үшін жобалар жасайтын ANT командасын атап өтуге болады. Жобаның мақсаты - жол апаттары кезінде протоколды автоматты түрде толтыру. Құжат толтыруды 30 пайызға жылдамдатып, айыппұлды сол жерден төлеуге әрі оны бақылауға мүмкіндік береді. Қосымша сервистер орнатып, төлем жүйесін іске қосса жобаны коммерцияландыруға да болады.

Жақсы дос жақсы әріптес болмайды 

Әрине, өмірде басқаша болуы да мүмкін, бірақ өте сирек. Стартапты дамыту үшін әріптестердің командалық жұмысы нәтижелі болуы керек. Мінездерінің, білім мен біліктілігінің сәйкес келуі - өте маңызды. Қаржылық жағынан да алаңсыз жүруге болады. Сіздің жобаңыздың қаншалықты сәтті болатындығын, идеяңыздың маңыздылығын сіз де, инвесторлар да бірден айта алмайды. Ал командаңыздың нашар жұмысы бірден көзге көрініп тұрады. Сондықтан дұрыс әріптес таңдаңыз.

Мысал. Apple-дің негізін қалаған екі Стив туралы барлығы біледі. Стив Возняк компьютермен айналысты, ал сатылым Стив Джобстың мойнында болды. Возняктың техникалық білімі мен Джобстың бизнестегі көрегенділігі әлемді өзгерткен өнімді дүниеге әкелді.

Курстық жұмыс емес, бизнес-жоспар жазып үйреніңіз

Бизнес-жоспар - өте маңызды құжат, болашақтағы даму бағытын айқындауға көмектеседі. Әрине, алғашында сан рет өзгеріп, сан рет түзетулер енгізесіз. Бірақ бәрібір нақты бағытсыз ориентиріңізді жоғалтып алу мүмкін болғандықтан, бұл қабілет қажет. Бизнес-жоспар барлық идеяларды реттеуге көмектеседі. Жоспарды жазбастан бұрын бизнесіңіздің мақсаты мен қадамдарын анықтап алыңыз.

Олег Тиньковтан кеңес. "Идеяларды мейрамханада қағазға жазуға болады, бірақ бизнес-жоспар ресми құжат болуы керек. Сіз маркетингтің 4Р ережесін нақты анықтап алыңыз: product, price, place, promotion.

Ментор "дементор" емес, жақын танысуға болады

Ментор - сіздің облысыңыздағы маман, стартапқа консультация беруші адам. Ол қажетті адамдармен таныстырып, нарықтағы білімімен бөліседі. Оның қателіктерінен де сабақ алуға болады. Менторды табу оңай жұмыс емес, бірақ бизнесті дамытуға көмектеседі.

Кеңес. Көрмелер мен фестивальдерді іздеу алаңы ретінде пайдаланыңыз. Танымалдылық үшін жоғарыда айтқандай БАҚ-пен жұмыс істеңіз. Достарыңыздың достарымен, таныстарыңыздың таныстарымен жақынырақ араласыңыз. Менторды табудың тағы бір жолы - жергілікті және шетелдегі акселераторлық бағдарламаларға қатысу.

Ал акселератор дегеніміз не?

Стартапты бастағанда авторлардың білімі, ресурсы, тәжірибесі жетіспейтіні рас. Сол кезде акселерация яғни стартаптарға көмек беретін бағдарлама көмекке келеді. Олар сізге жұмыс орнын, құрылғы тауып беріп, инвесторлар, мемлекеттік органдар, әріптестер және медиамен байланыс орнатуға көмектеседі. Бағдарлама қатысудың шарттары да әртүрлі: компанияның белгілі бір үлесін беру керек немесе арнайы конкурстан іріктеліп, өтуге болады.

Мысалы. Airbnb, Dropbox, Reddit және басқа да жобалар танымал Y Combinator акселераторынан өткен. Жарнама деп қабылдамас үшін атын атамайық, бірақ Қазақстанда да акселерация ұсынатын сапалы бағдарламаларды табу мүмкін.

Дереккөз: ТheSteppe

 

Похожие материалы