Астана. 29 желтоқсан. 7kun.kz - 29 желтоқсаннан бастап АҚШ-қа іскерлік, туристік сапармен баратын қазақстандықтар америкалық визаны 10 жылға дейін ала алады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Визаларды беру тәртібі туралы жаңа келісімдер Қазақстан мен АҚШ-тың сыртқы саясат ведомостволарының арасында жасалды.
«Бұл өзгерістер арқылы АҚШ-қа жиі баратын қазақстандықтар енді визаны алу үшін жыл сайын америка консулдығына бара бермейді. Виза 10 жылға дейін берілетін болады. Алайда ішкі заңдарға сәйкес, азаматтардың екі ел территориясында қанша уақыт болатынын миграция қызметі анықтайды", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстанға туристік немесе іскерлік сапармен келетін америкалықтарға да 10 жылға дейін Қазақстан визасы беріледі. 10 қаңтардан бастап Қазақстанға 30 күнге келетін америкалықтардан виза талап етілмейді. Визаны жасату бағасы 160 доллар шамасында болады.