Алматы. 22 желтоқсан. 7kun.kz — Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік маңызды азық-түлікке «ұсынбалы баға» енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев кезекті Үкімет мәжілісінде хабарлады.
Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын және оның негізсіз өсуін реттеуге мүмкіндік беретін кешенді шараларды әзірледі. Сонымен қатар, бөлшек сауда бағасы шектік мәнінің орнына «ұсынбалы баға» деп аталатын ұғым енгізді. Яғни, адамдар белгілі бір тауарлардың бағасын өздері бақылай алатын болады. Ал, жергілікті атқарушы органдар сауда желілеріндегі тауарлардың қолжетімділігіне мониторинг жасап отырады. Осы арқылы бағаны қымбаттатқан сатушыларды тәртіпке шақыруға болады. Егер жаңалық қабылданатын болса, қазақстандықтардың өздері көпшілікке қажетті өнімдердің бағасын бақылай алады. «Ұсынбалы баға» тізімі БАҚ пен интернет-ресурстарда жарияланып, баннерлерге жазылып, сауда нысандарында ілінетін болады. Бұл сатушы үшін де, тұтынушы үшін де «түсінікті баға белгілеуді» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді дейді министрліктен.Мейірім Бақытжанова «7»