Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қай банктер бөліп төлеу қызметін ұсынады?

Қай банктер бөліп төлеу қызметін ұсынады?

Қазіргі уақытта қазақстандықтар банктер ұсынатын "бөліп төлеу" қызметін жиі пайдалана бастады. Қазір бұрын қолжетімді болмаған тауарларды да бөліп төлеуге алсаңыз болады. Қай банктер бөліп төлеу қызметін ұсынады? Қазақстандықтар бұл қызметті қандай тауарлар үшін пайдаланады? Нарық қатысушылары қаржы ұсыну талаптары мен мүмкін болатын банк тәуекелдері туралы айтып берді.

Kaspi Bank бөліп төлеу қызметін ұсынатын Kaspi Red клубын іске қосқан еді. Бір жылдан аз уақытта Kaspi Red қызметін пайдаланушылар саны 100 мыңға жеткен. Олар 500 мыңға жуық сауда жасаған. Жиі сатып алынатын тауарлар қатарында киім, аяқ киім, косметика және үйге қажетті тауарлар бар. Одан бөлек, кейбір қолданушылар бөліп төлеу қызметін фитнес орталықтарға, тіс емдеу клиникаларына және сұлулық салондарына пайдаланған. Айта кетейік, банк ұсынатын қаржы лимиті – 150 мың теңгеге дейін.

Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Павел Логиновтың пікірінше, Еуразиялық банк бұл нарыққа жаңадан келді. Банк бөліп төлеу қызметін 2017 жылдың көктемінде ғана іске қосты.

[caption id="attachment_71182" align="alignleft" width="150"] Павел Логинов. Сурет today.kz сайтынан алынды[/caption]

«Тұтынушылар бөліп төлеу картасын саяхаттауға және киім мен электроника сатып алуға жиі қолданады. Сауда негізінен интернет-дүкендерден жасалады. Қаржы лимиті – 3 млн теңгеге дейін», - деп атап өтті Павел Логинов.

Сонымен қатар ол, өнімнің әзірге айлық табысы 200 мыңнан жоғары болатын қала тұрғындары арасында ғана танымал екендігін айтты. Қазіргі уақытта жаңа өнімнің жалпы қарыз портфеліндегі үлесі 3 пайызды құрайды.

«Бұл өнім қаупі де кез келген кредит картасына келуі мүмкін қауіппен бірдей. Мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін біз  потенциалды клиенттерді кіріс сомасы және басқа да шарттар бойынша мұқият саралаймыз», - дейді Еуразиялық банк басқармасы төрағасы.

Ал Нұрбанк 12-24 айға бөліп төлеу қызметін ұсынылады. Сыйақы мөлшерлемесі жылына 0,5 пайызды құрайды. Қарыз көлемі – 30 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін. Нұрбанктің тұтынушылары көбіне техниканы бөліп төлеу арқылы алады. Қаржы институтының қарыз алушыларға қоятын өз талаптары бар. Олар: клиент 21 жастан асқан және зейнетке дейінгі жаста болуы керек, сонымен қатар, орташа айлық табысы 70 мың теңгені құрауы тиіс.

Банктің ақпараты бойынша, бөліп төлеу қызметі қарыздарының жалпы несие портфеліндегі үлесі – 10 пайыз. Ал мерзімі өтіп кеткен кредиттер көлемі төмен.

«Бөліп төлеу – қаржы институтының тиімді өнімдерінің бірі. Себебі сыйақы мөлшерлемесі аз. Алайда белгілі бір жағдайларда бөліп төлеу шығын әкелуі де мүмкін. Мысалы, төлем мерзімі өтіп кеткен кезде, банк қарызды өндіріп алу үшін қосымша қаражат жұмсайды», - деп атап өтті Нұрбанк өкілі.

Ал «Халық банк» болса, тұтынушыларына бөліп төлеу қызметін ұсынуды тек жоспарлап жатыр. Қаржы институтының айтуынша, жақында 1 жыл мерзімге 30 мың теңгеге дейін лимит ашылады. Жоспар бойынша, клиенттердің киім мен парфюмерия ғана емес, жиһаз бен спорттық тауарларды да сатып алуына мүмкіндік болады.

Басқа банктерде әзірге мұндай қызмет жоқ.

Похожие материалы