Алматы. 14 сәуір. 7kun.kz - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтында «Басқарма төрағасының блогы» жаңа сервисі іске қосылды. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Енді кез келген қазақстандық азамат қордың бірінші басшысы Нұрбүбі Наурызбаеваға Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ қызметіне қатысты тікелей сұрақ қоя алады.
«Басқарма төрағасының блогы» сервисін пайдалану үшін www.enpf.kz ресми сайтының басты бетінің оң жағындағы тиісті белгіні басу керек немесе http://www.enpf.kz/ru/o-fonde/blog.php сілтемесі арқылы өту қажет. Сайт пайдаланушылары Блог парақшасында кішігірім өтініш білдіру нысанын толтыру арқылы сұрақ қоя алады. Сонымен қатар жауап берілген сұрақтар мұрағатымен таныса алады.
Сондықтан сайт пайдаланушыларын аталмыш нысанды толтырмай тұрып, ең алдымен сұрақтар мұрағатымен танысып шығуға шақырамыз. Өйткені, онда сізді мазалаған сұраққа жауап бар болуы мүмкін. Сұрақ қоюшылардың барлығына заңнамада көрсетілген мерзім аясында жауап беріледі. Алайда жеке сипатқа ие сұрақтар мұрағатта жарияланбайды.
Айта кетелік, азаматтар блогтан басқа да өз сұрақтары бойынша Қорға өздеріне ыңғайлы әдіс бойынша жүгіне алады. Атап айтсақ, байланыс орталығына қоңырау шалу;, enpf@enpf.kz электронды поштасына хат жазу, «Азаматтарға арналған Қоғамдық қабылдау» сервисі қор жетекшілерінің қабылдауына жазылу және БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы сұрақ қою әдістерін пайдалана алады.