Алматы. 23 қазан. 7kun.kz - Қазақстанның электрондық үкімет төлем шлюзі арқылы төлемдер 41,5 млрд теңгеден асты. 2017 жылдың 9 айында портал арқылы 12,5 млрд-тан астам теңгеге операциялар жасалған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 14,2 млрд теңгеден жоғары соманы құраған еді.
Онлайн түрде ең көп төленгені - жол жүру ережесін бұзғандарға салынған айыппұлдар. Бұл жалпы төлемдердің 84 %-ін (10,5 млрд теңге) құрайды.
Кейінгі кезекте салықтар, баж салығы және алымдар тұр. Олар барлық төлемдердің 11%-іне (1,3 млрд теңгеден астам) тең.
Сондай-ақ қазақстандықтар электрондық порталды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есеп-шоттарын толықтыру үшін жиі пайдаланған. Бұл - барлық төлемдердің 4%-і (555 млн теңгеден астам). Төлемдердің 0,3 %-ті (35 млн теңгеге жуық) коммуналдық төлемдерге, БКБ қарыздарын өтеу мен ұялы телефон байланыс төлемдеріне жұмсалған.
Бүгінгі күні eGov порталы арқылы 46 қызметті төлеуге болады.