Экономика
IT, Технология
Қазақстандықтардың үштен бірі ұялы байланысқа айына 1000 теңгеден артық жұмсамайды
Қазақстандықтардың 39%-ы мобильді байланысқа айына мың теңгеден артық жұмсамайды. 2015 жылдың ІІ тоқсанында зерттеу жүргізген 4Service компаниясы осылай деп хабарлады. Бұл туралы LS жазады.
Компания мәліметінше, респонденттердің 31 пайызы мобильді байланысқа ай сайын 1-2 мың теңге төлейді. Белсенді тұтынушылар - 16-29 жас аралығындағылар (респонденттердің 37%-ы) және 30-39 жас аралығындағылар (23%).
Сауалнама нәтижесінде Қазақстандағы смартфондардың пайдалану көрсеткіші анықталды. Сұралғандардың 75%-да сенсорлы, 25%-да батырмалы телефон бар. Бірақ әрбір үшінші адам интернетке шығу үшін смартфон пайдаланбайды. Ал ғаламторда отыратындардың 44%-ы ай сайын 1Гб, 14%-ы 6Гб пайдаланады.
Респонденттердің арасында Tele2, Activ және Beeline байланыс операторлары танымалдылыққа ие. Олардың көрсеткіштері 20%-дан асты.
Қазақстандық абонент бірнеше жыл бойы бір ғана оператордың қызметін пайдалануды жалғастыруда. Сауалнамаға қатысқандардың 53%-ы операторын 5 жылдан астам ауыстырмағандығын, 15%-ы қазіргі компанияның қызметін 3 жылдан 5 жылға дейін пайдаланатындығын, тағы 20%-ы 1 жылдан 3 жыл аралығында пайдаланатындығын айтты. Дегенмен сұралғандардың 46%-ы мобильді номер ауыстыру мүмкіндігіне байланысты операторын өзгертуі мүмкін екендіктерін жеткізді. Жаңа операторға көшу себептері ретінде байланыс сапасының нашарлығы (31%) және қызмет түрінің қымбат болуын (29%) атап отыр.