Экономика
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өнімдері әлемнің 118 еліне экспортталады
Алматы. 27 наурыз. 7kun.kz - Шетелге шығарылатын өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Кейбір тауарларүшін жаңа нарықтар ашылды. Бұл туралы индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы мәселелелеріне қатысты Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.
«Тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың жалпы көлемі 1,6 млрд долларды құрады. Атап айтқанда, ет және құс өнімдерін Ауғанстанға, Біріккен араб әмірлігімен Иранға, өсімдік майы мен балды Қытайға экспорттау басталды. Жыл сайын 380 экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады»,-деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2020-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму Тұжырымдамасын әзірлеу жұмысы басталды. Онда инновациялар мен озық технологиялар трансфертін дамытуға, өнеркәсіпті цифрландыру мен стандарттау жүйесін дұрыс бейімдеуге айрықша назар аударылатын болады.