Астана. 17 наурыз. 7kun.kz - Қазақстанның құс шаруашылықтары вакцинамен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті Руслан Шәріпов мәлімдеді.
«Бізге ветеринария мәселесі бойынша бірқатар проблеманы шешу қажет. Соңғы уақытта құс тұмауы таралуымен қатысты мәселенің өткір тұрғандығы ешкімге де құпия емес. Еуропаның бірқатар елінде құс тұмауының таралды. Мәселен, Польшада 8 дерегі тіркелген. Ресейдің Ростов облысының және Краснодар өлкесінің бірқатар аумағында, сонымен қатар өзге де аймақтарында жұқтыру ошақтары тіркелген болатын. Бұған дейін Астрахан облысы мен Қалмақ Республикасында шектеу енгізілген еді. Осыған орай мемлекет есебінен құстарды толықтай вакцинациялау жүргізуді ұсынамыз. Бұл «Ветеринария туралы» заңда көзделген», - деді Шәріпов.
Одақ президентінің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің құс шаруашылықтары вакцинамен қамтамасыз етілмеген. Тіпті өндірістік жағдайда жұмыс істейтін ірі шаруашылықтардың өзінде тегін диагностикалық тексеру жүргізілмейді. «Ал Ветеринария комитетінің ауыл шаруашылығы кооперативтеріндегі ветеринария мәселелерін қалай шешетіндігі әлі күнге дейін айқын емес. Біз соңғы екі айда Ауыл шаруашылығы министрлігіне Эпизотияға қарсы іс-шаралар жоспарына құс тұмауына қарсы вакцинацияны қосу және барлық ауру түрлеріне диагностика жүргізуге қатысты 10-нан астам хат жолдадық. Алайда, әлі күнге жауап келмеді», - деді одақ президенті.