Алматы. 13 наурыз. 7kun.kz - Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Қазақстанның шетелдік мемлекеттерге жасаған гуманитарлық көмектің сомасын айтты.
"Соңғы жылдары Қазақстан шетелге құны 10 млрд теңгеден асатын гуманитарлық көмек көрсеткен", - деді ол үкімет отырысы кезінде. Оның сөзінше, бұл фактордың барлығы "Қазақстанның позитив беделін нығайтуға және БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша өкіл ретінде сайлануына" себеп болды.
Дегенмен қазақстандық депутаттар арасында елімізде проблема онсыз да көп уақытта сыртқа көмек көрсетудің қажеті жоқ деп есептейтіндер де бар екен. Бұл туралы сыртқы істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ескертті.
"Депутаттарымыздың арасында Қазақстанға шетелге көмек көрсетудің қажеті жоқ деп есептейтіндер бар екенін білемін. Бірақ ресми көмек көрсету - қайырымдылық немесе бір реттік көмек емес. Бұл - нақты сыртқы саяси тапсырмаларды жүзеге асыру үшін қажет құралдар", - деді ол үкімет сағатында.
Еске салайық, 2017 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2 жылдық уақытша мүшесі ретіндегі жұмысын бастады. 2017 жылдың 2 наурызында Қазақстанның БҰҰ-дағы мүшелігіне 25 жыл толды.
Осыған дейін Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 7kun тілшісіне елдің жүзден астам халықаралық ұйымға мүше екенін, оның 73-іне міндетті мүшелік жарна төлейтінін айтқан еді. 2017 жылдың басында шыққан ақпарат бойынша, Қазақстан 4 халықаралық ұйымға мүше ретінде 12 млрд теңге жарна төлейтінін белгілі болды.
Соңғы 2 жылда Қазақстанның халықаралық ұйымдар шеңберінде басқа елдерге көмектесуі жиілеген. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға гуманитарлық көмек берді, 2016 жылы Қазақстан Қырғызстанға кедендік құрал-жабдық алуға 100 млн доллар берді. Бұған дейін де Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге дайындалып жатқан Қырғызстанға қайтарылмайтын 100 млн доллар берген. Кейіннен 2016 жылдың 24 қыркүйегінде Біріккен Ұлттан ұйымының 71-сессиясында сөз сөйлеген СІМ экс-министрі Ерлан Ыдырысов «Қазақстан Ауғанстанға мектеп пен аурухана, басқа да көмек үшін 50 млн доллар, ауғанстандық әскерді қолдауға 2 млн доллар бөлуді жоспарлап отыр» деп мәлімдеген. Одан бөлек, 2016 жылы Эфиопияға қуаңшылықпен күресуге — 50 мың доллар берсек, Украинаға уран өндіруге көмектестік.