Алматы. 13 наурыз. 7kun.kz - Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ инвестициялық серіктесі «APL Construction» ЖШС-мен бірлесіп Алматы облысындағы Жаркент қаласында жеткізуші газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) іске қосты. Аудан орталығындағы алғашқы абоненттер газға қосылып, пайдалана бастады.
Меморандум шеңберінде «ҚазТрансГаз» АҚ қуаты сағатына 120 мың м3 болатын «Жаркент» автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) мен «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырынан АГТС-ке дейін жеткізуші газ құбырының құрылысын жүргізді. «APL Construction» ЖШС жобаны әзірлеу мен газ тасымалдау жүйелерін салуға, сондай-ақ жүйеге тұтынушыларды қосуға қажет инвестиция құюды өз мойнына алды.
Қолданысқа беріліп отырған «Жаркент» АГТС-і мен газ құбырлары аудан орталығының 40 мыңнан астам тұрғыны мен 160 өндірістік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорынды газбен жабдықтауға арналған. Енді табиғи газ «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағына да жетеді.
Жүзеге асырылған жобалар болашақта Алматы облысы Панфилов ауданының Үшарал, Шолақай округтары мен өзге де елді-мекендерін газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
Газ саласындағы ардагер, республикалық ардагерлер Кеңесінің Алматы филиалының директоры Сұлтанғали Имажанов: «Газдың келуін талай жылдар бойы күткен қарттар мен әйелдердің қуанышты жүздерін көру қуантарлық жәйт. Бұл дегеніміз азаматтардың әлеуметтік көңіл- күйлерін көтереді. Жалпы алғанда, ҚазТрансГаз тарапынан облыстарды газдандыру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығын көрсетеді. Оған Жаркент мысал болмақ. Осы жоба шағын және орта бизнесті, өнеркәсіпті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын да құруға ықпал ететіні сөзсіз», - деп атап өтті.
Газдандырудың бас схемасына сай, Алматы облысының жалпы саны 900 мың тұрғыны бар 228 елді-мекенге газ тарату жоспарда бар.