Қазақстанда сауда субъектілерінің шекті жол берілетін сауда үстемелерін сақтауы бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірлерде әкімдіктер, Сауда комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржы мониторингі агенттігі, қоғамдық бірлестіктер және т. б. өкілдерінен арнайы мониторингтік топтар құрылды.
Соңғы 3 аптада мониторингпен «үй жанындағы» дүкендердің 87% - ы, сондай-ақ республиканың қалалары мен аудандарындағы 122 көтерме және бөлшек сауда базарлары қамтылды. Тек соңғы апта ішінде бөлшек саудада («үй жанындағы дүкендер») профилактикалық бақылау шеңберінде ӘМАТ-қа сауда үстемесін сақтаудың 259 бұзушылығы анықталды. Түсіндірулерден кейін бизнес субъектілері өз бетінше әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 4-15% - ға дейін төмендетті.
Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ғана емес, басқа да өнімдерге баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды талдау және бақылау бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Сауда қызметі субъектілерінің электрондық шот-фактураларды міндетті түрде пайдалану жобасы аясында өндірушіден (импорттаушыдан) сауда сөресіне дейін азық-түлік тауарларына баға белгілеудің жедел мониторингі қамтамасыз етіледі. Бұл баға алыпсатарлығын болдырмауға мүмкіндік береді және уәкілетті органдарға бизнестің максималды сауда үстемесін сақтауын бақылауға көмектеседі», – делінген хабарламада.
Бұл отандық тауар өндірушілер мен ауылшаруашылық азық-түлік тауарларын импорттаушылар арасында баға айырмашылығы байқалатын маусымаралық кезеңде өзекті болып табылады.