Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Мьянмадағы дағдарысты талқылады

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Мьянмадағы дағдарысты талқылады

Аcтана. 30 қыркүйек. 7kun.kz – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Мьянмадағы жағдайға байланысты ашық мәжіліс өткізді. Аталған басқосу Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Швеция, Мысыр, Қазақстан және Сенегал делегацияларының өтініші бойынша шақырылды. Бирмалық Ракхайн штатындағы дағдарыс соңғы айда Қауіпсіздік Кеңесімен 3 рет қарастырылған болатын. Алайда, олар жабық консультациялар форматында өткен еді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриштің мәліметінше, кем дегенде жарты миллионға жуық бейбіт халық үйлерін тастауға мәжбүр болып, Бангладеште баспана тапты. Оның айтуынша, босқындардың нақты саны белгісіз болса да, әр түрлі деректерге сәйкес, олардың 94 пайызы рохинджа халқының өкілдері. Осы орайда БҰҰ басшысы Мьянма билігінен келесі үш шұғыл шара қабылдауға шақырды: біріншіден, барлық әскери операцияларды тоқтату; екіншіден, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету; үшіншіден, босқындардың қауіпсіз жағдайда өз үйлеріне ерікті түрде қайта алуын қамтамасыз ету.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров біздің еліміздің Мьянмадағы жағдайды аса алаңдаушылықпен бақылап отырғандығын жеткізді. Әсіресе, босқындардың шамамен 60 пайызы балалар екендігіне назар аударды. Осы орайда Қазақстан Мьянмадағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдануын, рохинджа мұсылмандарын қудалануы мен кемсітілуін тоқтатуды, зардап шеккен халыққа шұғыл көмек көрсету үшін халықаралық гуманитарлық ұйымдарға елге кіруге рұқсат беруді, сондай-ақ босқындардың Ракхайн штатына қауіпсіз және кедергісіз қайтуына шақыратын үндеуге келісетінін жеткізді. Еліміздің Тұрақты өкілі рохинджа айналасындағы дағдарыс Ислам ынтымақтастығы ұйымының мемлекет және үкімет басшыларымен Астанада 10 қыркүйекте өткен Ғылым және технологиялар бойынша I ИЫҰ Саммитінің аясында талқыланғандығын атап өтті. Қазақстандық дипломат Мьянмамен шектесетін елдердегі босқындар мәселесінің өршуі, ішкі және халықаралық терроризмнің кең етек алып кету қауіпін тудыруы мүмкін деген пікір білдірді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты ұлтаралық және дінаралық келісімнің бірегей үлгісі ретінде танылған Қазақстанның Мьянма билігін бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақыратынын жеткізді. Қазақстандық делегация Ракхайн штаты бойынша Кофи Аннан бастаған консультативтік комиссияның дайындаған ұсыныстарын құптап, олардың іске асырылуы үшін Мьянма үкіметінен тез арада нақты қадамдар қабылдауына шақырды.

Похожие материалы