Б.Байбек: Алматы бизнесі Универсиададан 2 млрд теңгеге жуық табыс табады
Астана. 17 қаңтар. 7kun.kz - Универсиада кезінде туристердің келуі шағын және орта бизнеске шамамен 2 млрд теңге табыс әкеледі. Бұл туралы Бауыржан Байбек үкімет отырысында мәлімдеді.
«Global destination cities index-тің бағалауы бойынша, Алматыда шетелдік турист күніне 245 доллар жұмсайды. Осылайша жоспарлап отырған 5 мың туристтің 5 күнде шағын және орта бизнеске 2 млрд теңгеге жуық табыс әкеледі. Жарысқа қатысушы мемлекеттердің өзі Атлетикалық қалашықта тұру үшін 1 млн евро төлейді. Одан бөлек, Универсиада әкімшілігі ұсынған 8 қонақүйге толығымен спорттық делегациялар орналасады», - деп атап өтті қала басшысы.
Бұдан бөлек, Бауыржан Байбек Алматыдағы өкілетті органдарының жарысты өткізуге дайындығы туралы да айтты.
«Коммуналды қызметтер жұмысы бойынша, Универсиаданың 7 қалалық объектісінің әрқайсысына тәуліктік күзет жасақтары бекітілген. Құбылмалы ауа райында жарысты өткізу алгоритмдері пысықталды. Тәуліктік кезекшілікте 53 бригада, 200 техника және 375 жұмысшы болады. Объекттерді электрмен қамтамасыз етудің резервтік жұмыстары жүргізілді. Қаңтардың 20-сынан бастап, 10-шы ақпанға дейін барлық жоспарланған жер жұмыстары тоқтатылады. Жалпы қаланың барлық қызметтері Универсиаданы өткізуге жұмылдырылады», - деді ол.
Әкімнің айтуынша, қызығушылық танытқан мекемелермен қалалық трафик сұрақтары талқыланды. Осылайша 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында 9 ірі нарық пен базар жабық болады.