Алматы. 1 шілде. 7kun.kz - 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі 20 пайызға, әскери қызметшілердің жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл туралы inform.kz хабарлады.
Мамыр айында мақұлданған ҚР Парламенті Мәжілісі зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру туралы заң жобасы бойынша, зейнетақы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізу көзделген.
Ең алдымен, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері үш кезеңде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы - 7 пайызға артты. Ал, екінші кезеңде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап, ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайызға; базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтіледі. Нәтижесінде, бүгіннен бастап ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгені, орташа зейнетақы - 66 676 теңгені құрайды.
2016 жылы ең төменгі зейнетақы көлемі - 37 789 теңге болған еді, сәйкесінше бүгінгі көрсеткіш 2016 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 20%-ға көбірек.
Айта кетейік, бұл арттыру еліміздегі барлық 2 миллионнан астам зейнеткерді қамтитын болады және ол үшін қосымша құжаттар қажет емес. Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілетін болады. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Жаңа әдістемеге сәйкес, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады, бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзімі ескеріледі.
Одан бөлек, заң жобасында балалы отбасыларды мемлекеттік қолдауға бағытталған нормалар қарастырылған. Біріншіден, бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға арттыру көзделген. Жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 31,41 айлық есептік көрсеткіштен 38 айлық есептік көрсеткішке дейін (71 270 теңгеден 86 222 теңгеге дейін), төртінші және одан көп балаға 52,35 айлық есептік көрсеткіштен 63 айлық есептік көрсеткішке дейін (118 783 теңгеден 142 947 теңгеге дейін) артатын болады.
Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне 1 шілдеден бастап Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын 25 пайызға көтеру туралы шешімін мәлімдеген болатын.