Алматы. 26 қараша. 7kun.kz – БАӘ Байқоңыр ғарыш айлағы базасында аэроғарыш саласындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытты. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен келіссөзі барысында белгілі болды.
Тараптар № 1 "Гагаринский старт" ұшыру кешенін жаңғырту және "Союз-2" типті зымыран-тасығыштарда ғарыш аппараттарын ұшыру жөніндегі инвестициялық жобаны талқылады. Үш жақты жұмыс тобы құрылды (ҚР, БАӘ, РФ). Сондай-ақ, ғарыш аппараттарын ұшыру қызметтерінің нарығын бағалау аяқталды. Жоба бойынша шешім 2019 жылдың бірінші тоқсанында қабылданады.
Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті атап өтілді. Borealis (Mubadala) компаниясымен бірлесіп іске асырылатын полиэтилен өндірісінің жобасы бойынша бірлескен жобалау компаниясы құрылды және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жобаны шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілді. Жобаның болжамды қуаты 1 250 мың тонна полиэтилен, құны 6,5 млрд доллар.
Сондай-ақ, араб жағы полипропиленді өндіру бойынша жобаға қосылуға да мүдделі екендігін растады, компания Атырау облысында құрылып жатыр. Жобаның болжамды қуаты - 500 мың тонна полипропилен, құны 2,6 млрд доллар.
"Көлік-логистикалық салада да ынтымақтастық дамуда. Қазақстанда Mubadala (БАӘ) инвестициялық қорымен бірлесіп "Қорғас-Шығыс қақпасы" еркін экономикалық аймағы аумағында "А" класты қазіргі заманғы қойма үй-жайларын салу бойынша жобаны іске асыру жалғасуда. 14 мың ш.м. екі қойманы пайдалануға беру 2019 жылдың қаңтар айына жоспарланған. БАӘ-нің темір жол жүйесін бірлесіп дамыту жобалары талқыланды. Темір жол инфрақұрылымын дамыту объектілерінің ұзындығы 604 км құрайды. Қазақстандық компаниялар тендерлік рәсімдерге белсенді қатысып, жобаны іске асыру үшін алдын-ала біліктілігін растады. Жобаның бірінші кезеңіне қатысу туралы шешім 2019 жылдың бірінші тоқсанында қабылданады", — деп хабарлады Асқар Маминнің баспасөз қызметі.