Алматы. 14 желтоқсан. 7kun.kz – ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен ArcelorMittal бас акционері Лакшми Миттал телефон арқылы сөйлесіп, Қарағандыдағы еңбек дауын шешу туралы пікір алмасты. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов айтты, деп жазды облыс әкімі баспасөз қызметінің өкілі Дулат Аманжол әлеуметтік желіде.
Миттал кәсіпорынның бас директоры Парамжит Калонға тапсырма берген. Алайда оның қандай тапсырма екені белгісіз. Парамжит Калон бұдан кейін шахтерлармен кездесіп, компанияның шарттарын ортаға салған.
Ол «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кеншілердің өкілдерімен кідірместен кездесуге дайын екендерін, алайда жақын арада барлық кеншілер жер бетіне көтерілген жағдайда ғана келіссөз жүргізетіндерін айтты. Бұл шартты орындаған жағдайда жұмыс берушілер қандай да бір жаза қолданылмайтынына кепілдік берді. Ынталы топтар осы кездесуден кейін жер астында қалған кеншілермен келіссөз жүргізуге кіріскен.