Алматы. 12 қазан. 7kun.kz – 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте байланыс кәсіпорындары 540,7 млрд теңге табыс тапты. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға артық.
Атап айтар болсақ, жергілікті телефон байланысы қызметтері – 29,7 млрд теңге (3,7%-ға кем), Интернетке қол жеткізу – 180,4 млрд теңге (7%-ға артық), ал ұялы байланыс қызметтері – 162,3 млрд теңге (1,7%-ға артық) болды.
Байланыс қызметтерінің жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес кең жолақты Интернетке (33,4%) және ұтқыр байланысқа (30,1%) тиесілі. Ал, өзге де телекоммуникациялық қызметтер кірістердің 17,5%-ын, жергілікті телефон байланысының жұмысы – 5,5%-ын, кабельдік инфрақұрылым және сымсыз желілер бойынша бағдарламаларды тарату бойынша қызметтер – 4,9%-ды құрады.
Қыркүйекте тіркелген телефон желісі абоненттерінің саны – 3,3 млн-нан астам, ұялы байланыс абоненттерінің саны – 26,5 млн, Интернетке қол жеткізе алатын ұялы байланыс абоненттерінің саны – 13,8 млн, тіркелген Интернет абоненттерінің саны – 2,5 млн бірлікті құрады.