Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ ашылады

Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ ашылады

Алматы. 14 мамыр. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құруды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет пен әкімдіктің Байқоңырды дамытудың тиімді тетіктерін анықтауы және АЭА-ны мүмкіндігінше тезірек құру қажет. Ғарыш айлағының ауқымы мен бірегейлігі бізге жетекші компаниялармен және перспективалық технологияларды іске қосудың керемет мүмкіндігін береді », - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Президент ел өңірлерін дамытудың арнаулы мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдаланылатын халықтың ұсыныстарына ерекше назар аударатынын атап өтті. Сөз сөйлеу кезінде Қызылорда басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды.

«Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті! Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істейтін отандастарымыздың мүдделерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталды.

«Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін облыста Әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру қажет екенін айтып, қуатты экономикаға қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Индустрияландыру саясаты өзінің жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шалқия» кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын», – деді мемлекет басшысы.

Бұдан басқа, Тоқаев өңірдегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына тоқталды.

«Экология – қызылордалықтарды толғандыратын мәселенің бірі. Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Тағы бір маңызды мәселе – бүгінде тұрғындарды мұнай-газ бен уранның зиянды қалдықтары алаңдатып отыр. Өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізіп, экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сай ету қажет», - деді ҚР Президенті.

Похожие материалы