Байқоңырда екі топ арасындағы қақтығыс салдарынан бір адам қаза тауып, екеуі жараланған
Байқоңыр. 9 қыркүйек. 7kun.kz – Байқоңырда екі топтың қақтығысы салдарынан адам өлімі орын алған, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметнше, оқиға 2 қыркүйек күні болған.
Белгілі болғандай, қалада «Арбат», «Даманск», «Нейтралка» және «Шағын аудан» болып, 4 топқа бөлінген. Қайғылы оқиға «Арбат» және «Даманск» топтары басшыларының бір-бірімен жанжалдасуы себебінен болған.
31 тамыз күні сағат 23.30 шамасында оқ жарақатымен екі ер адам ауруханаға түскен.
Осы факті бойынша 1 қыркүйекте Ресей федерациясы Ішкі істер министрлігінің "Байқоңыр" кешені бойынша департаменті Ресей федерациясының Қылмыстық кодексінің 111-бабы 3-бөлігінің «б» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ал қыркүйектің 2-нен 3-іне қараған түні сағат 00:30 шамасында көпқабатты үйдің ауласында көлікпен келген белгісіз біреулер 1988 жылы туған азаматқа қарудан оқ атқан. Ол оқиға орнында қайтыс болды.
Аталған факті бойынша Ресей федерациясы ІІМ «Байқоңыр» кешені бойынша департаменті Ресей федерациясының Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қазір күдікті анықталды.
4 қыркүйекте ол Ресей федерациясы ІІМ «Байқоңыр» кешені бойынша департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Келісім негізінде Байқоңыр қаласының аумағында алдын алу шараларын Ресей федерациясының құқық қорғау органдары қамтамасыз етеді.