2016 жылы инфлиция деңгейінің өсуінен туындаған макроэкономикалық рисктің артуы мен экспорттан түсетін табыстың азаюы, кредит төлем қабілетінің түсуі банк секторына кері әсер етті. Дегенмен, өткен жылы банк активтерінің артуы арқылы олардың табысы біршама өсіп, қарыз портфелі қысқарып, банктер өтімділігі нығайды. Kursiv Research зерттеу жобасы банктердің өткен жылғы көрсеткіштері бойынша жасаған рейтингін назарларыңызға ұсынамыз.
Активтердің көлемі бойынша
2017 жылғы қаңтардың 1-індегі ақпарат бойынша, екінші деңгейлі банктердің активтері 25,56 трлн теңгені құраған. Жалпы активтер көлемі 23,78 трлн теңге болған өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш бар-жоғы 7,47 пайызға өскен. Естеріңізде болса, 2015 жылы банк активтері 2014 жылмен салыстырғанда 30,4 пайызға артқан еді.
Қазақстанда ірі үш банктің құрамы ауыспағанмен, олардың тізімдегі реті ауысты. Жалпы активі 4,89 трлн теңгені құраған Халық банк 2016 жылдың ең ірі банк болып танылды. Бір жыл ішінде банк активтері 20,63 пайызға артып, активтер секторындағы банк үлесі 19,13 пайызды құрады. Активтері 4,87 трлн теңгеге азайған Қазкоммерцбанк тізімде екінші тұр. Банктің көрсеткіштері бір жыл ішінде 3,61 пайызға азайды. Жалпы активтердегі банк үлесі 19,05 пайызды құрады. Тізімде үшінші боп активтер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,36 пайызға артып, 2,08 трлн теңгені құраған Цеснабанк тұрақтанды. Банктің жалпы активтер нарығындағы үлесі 8,14 пайызды құрайды.
Активтердің өсу деңгейі бойынша бірінші орында 2016 жылы активтері 62,26 пайызға артқан «Астана» банкі» тұр. Екінші орында – "Қазақстандағы Қытай банкі" АҚ ЕБ (бір жылда 52,09% өскен). Үшінші орынға активтері 35,91 пайызға артқан "Qazaq Banki" тұрақтады.
Банктердің табысы бойынша
2016 жылы екінші деңгейлі банктердің табысы 401,85 млрд теңгені құрап, 2015 жылғы 227,02 млрд теңге көрсеткіштен 77,01 пайызға артқан. Айта кетейік, 2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда банктердің табысы 18,93 пайызға азайды.
Өткен жылы сыйақыдан түсетін табыс 13,84 пайызға артып, 2015 жылғы 861,97 млрд теңге көрсеткіштен 2016 жылғы 981,26 млрд теңгеге дейін артты.
Ал 2016 жылы таза табысы 123,52 млрд теңгені құраған Халық банк ең көп табыс тапқан банк боп танылды. Ал 2015 жылы 53 млрд теңге шығынға ұшыраған Казкоммерцбанк өткен жылы табыс көрсеткіштерін біршама оңалтып, 2016 жылы 107,61 млрд теңге кіріс көрді. Табысы бойынша 3-орында - "Ситибанк Қазақстан". Өткен жылғы табысы - 28,83 млрд теңге.
Ал табысының өсу қарқыны бойынша "Bank RBK" көш бастап тұр. Оның кірісі 2015 жылғы 191,2 млн теңге көрсеткішінен 5,45 млрд теңгеге дейін өсіп, бір жылда 28,5 есе көбейген.
Токсинді кредиттер бойынша
Екінші деңгейлі банктердің проблемалы кредиттері 2016 жылы 16 пайызға артқанымен, мұндай кредиттердің азаю қарқыны өткен жылдармен салыстырғанда бәсеңдеген. Мысалы, 2015 жылы бір жыл бұрынғы токсинді кредиттер көлемі 63 пайызға азайып еді. Ал міндетті төлеу мерзіміне 90 күн асып кеткен кредиттер 2016 жылы 1,04 трлн теңгені құраған. 2015 жылғы көрсеткіш – 1,24 трлн теңге.
2016 жылдың қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі 3 банктің проблемалы кредиттерінің үлесі 10 пайыздан асады. 2015 жылы мұндай банктердің саны алтау еді. Ұлттық банк 2018 жылдың 1 қаңтарға дейін осындай кредиттер үлесін 10 пайыздан түсіру шараларын қабылдалдауды талап еткен еді.
Проблемалы кредиттердің көбі шетелдік банктердің еншілістерінде болып шықты. 90 күннен астам төлем жасалмаған кредиттердің көлемі барлық берген кредиттің 32,84 пайызын құраған "Пәкістанның Халық Банкі" еншілес банкі осы тізімді бастап тұр. Екінші орынға тұрақтаған - Банк ВТБ (Қазақстан). Онда тоскинді кредитті үлесі 16% құрап, 12,54 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, "АТФБанк" АҚ-ның мерзімі 90 күннен асып кеткен кредитінің көлемі 72,29 млрд теңге немесе 12,11 пайызын құраған.
Жалпы банктер проблемалы кредиттердің үлесін азайтуды басты назарға алып отыр. Осындай кредиттердің көлемін 119,62 млрд теңгеге қысқартып, 234,17 млрд теңгеге жеткізген Қазкоммерцбанк проблемалы кредиттер көлемін ең көп азайтқан банк боп танылды.
Салымдар көлемі бойынша
Өткен жылы банктерге клиенттер салымдарының көбею қарқыны біршама бәсеңдеді. 2015 жылы салымдар 2014 жылмен салыстырғанда 37,5 пайызға өсіп еді, 2016 жылы салымдар 10,66 пайызға ғана көбейді. Қазір жеке және заңды тұлғалардың жалпы салымы 17,27 трлн теңгені құрайды.
Ең көп салым түскен банк болып 3,45 трлн теңге жинаған Халық банк танылды. Бір жыл ішінде көрсеткіш 27,22% пайызға өскен. Тізімде екінші тұрған – Қазкоммерцбанк. Жалпы салымы 12,28% құрап, 2,86 трлн теңгеге жеткен. Алдағы үштікті салымдар көрсеткіші 14,84 пайызға өсіп, 1,54 трлн теңгені құраған Цеснабанк аяқтады.
2016 жылы жеке тұлғалардың салымдары 14,85 пайызға қысқарып, 7,91 трлн теңгені құрады. Жеке тұлғалар ең көп салым салған – Халық банкі (2016 жылы көлемі 215,9 млрд теңгеге артып, салым көлемі 1,63 трлн теңгені құрады). Екінші орында салымы 174,29 млрд теңгеге өсіп, 679,43 млрд теңгені құраған Цеснабанк тұр. "Сбербанк" АҚ еншілес банкі де жергілікті халықтың салымы бойынша алдыңғы үштікке кіреді. Жеке тұлғалардың салымы 131,16 млрд теңгеге өсіп, 627,77 млрд теңгені құрады.
Дегенмен, кейбір банктерде салым көлемі азайды. Салымдары 36,88 млрд теңгеге азайған Қазкоммерцбанк осы өлшем бойынша 1-орында тұрса, 2-орында – 88,67 пайыз немесе 9,63 млрд теңге салымын «жоғалтқан» Delta Bank. 2016 жылдың соңында банктегі жеке тұлғалар салымы 1,23 млрд теңгені құрады. Ал бүгін халықаралық Standard & Poor’s рейтинг агенттігі Delta Bank-тің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін СС/С деңгейінен D/D «дефолт» деңгейіне дейін төмендеткені белгілі болды. Банктің ұлттық көрсеткіш бойынша рейтингі де kzCC-ден D-ге дейін түсті.