Астана. 23 қазан. 7kun.kz - Қазақстанда екінші деңгейдегі банктер жаңа жеңілдетілген ипотека беруді бастады. Бірақ барлық банктер бұл сегменттегі жұмыстарға араласқысы келмейді деп мәлімдейді инвестициялар және даму жөніндегі министр Жеңіс Қасымбек.
Қазіргі уақытта банктер "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жалпы құны 7,0 млрд теңге болатын 700 өтінішті қабылдап, 6,6 млрд теңге болатын 650 өтінішті мақұлдаған.
"2017 жылы іске қосылған ипотека бойынша жаңа бағыт өзінің тиімділігін көрсете алмады. Бірінші кезекте бұл заңнамаға байланысты болды. Сол себептен барлық банктер осы сегменттегі жұмыстарға араласқысы келмейді. Мысалы алты ай өткенде төленбеген ипотекаға банктер өсімпұлды ала алмайды. Егер ипотеканы өтей алмаса, пәтер алушы алдымен негізгі қарызын, содан соң үстемесін төлейді. Сот кепілге қойылған жалғыз үйді ала алмайды. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін" - деп түсіндірді ол.
Министрдің сөзінше, қазір екінші деңгейдегі банктер құрылыс компанияларының құны 57,2 млрд теңге болатын 32 жобасын қарап жатыр.
"Жалпы 35,1 млрд теңгені құрайтын 17 жобаға қолдау көрсетілді. Өңірлік үйлестіруші кеңестер және екінші деңгейдегі банктер 12,2 млрд теңге болатын 11 жобаны мақұлдады. 22,9 млрд теңге болатын 6 жобаға шарт жасалды. Қалған 15 жобаны екінші деңгейдегі банктер қарау үстінде»,- деді Жеңіс Қасымбек.