Атырау. 15 қараша. 7kun.kz – Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығын айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Сот үкіміне сәйкес, Хаменова 14 жасқа толмаған баласы болуына байланысты жазасын 3 жылдан кейін қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Ол сот залынан үйіне жіберілді.
Сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға, «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталды.
Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен қатар Хаменованы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс президентке енгізілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Хаменованың өзі журналистерге сот шешіммен келіспейтінін айтты.
«Әлі аппеляциялық сот, Жоғарғы сот, халықаралық сот бар. Шындықтың жер бетіне шығатынын білемін», – деді Хаменова.
Айта кетейік, 2021 жылғы желтоқсанда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталған болатын.