
Алматы. 1 шілде. 7kun.kz – 28 маусым күні Алматы қаласының әкімі қызметіне кіріскен Бақытжан Сағынтаев қала аудандарын аралап шықты. Бұл туралы ол Twitter-де хабарлады.
«Мен аудандарды аралауды бастадым. Біріншісі – Түрксіб ауданы, мұнда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аулалар мен балалар алаңдарын абаттандыру мәселелері бар. Адамдар жолдардың нашар жағдайына және қоғамдық қауіпсіздікке алаңдаулы. Аудан басшысы Павел Кулагинге барлық шағымдарды сараптап, нақты іс–қимыл жоспарын ұсынуды тапсырдым», - деп жазды әкім.
Естеріңізге сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев алматылықтар алдында сөз сөйлеп, жаңа лауазымдағы міндеттері туралы айтқан болатын.
«Алматы - әрқайсымыздың жүрегімізден ерекше орын алған қала. Алматыға деген әр қазақстандықтың ықыласы ерекше. Менің басты мақсатым – Алматыны әр тұрғыны берекелі өмір сүретін қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Мен үшін Сіздердің барлық өтініштеріңіз бен тілектеріңізге дер кезінде жауап беру өте маңызды», - деді ол.