Экономика
Батыс Қазақстан облысындағы жол жөндеуге 600 млн теңге бөлінді
Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 600 млн теңге бөлінді деп хабарлайды BNews.kz. Бұл өткен жылға қарағанда 280 млн теңге аз.
Бүгінде БҚО-дғы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1287 шақырымды құрайды. Соңғы уақытта магистраль бойынша қозғалыс жиілігі көбейіп, тәулігіне 3,5 мың көлікке дейін жетті.
"Автомобиль жолдарындағы апат қаупін азайту үшін "жылдамдық азайту", "мал айдау", "бұрылыс бағыты" тәрізді ескерту жол белгілері қойылады", - деп хабарлайды "Қазақавтожолдың" Батыс Қазақстандағы бөліміндегі директордың міндетін атқарушы Бауыржан Темірханов.
"Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді бағдарлама аясында" бүгінде жалпы аумағы 11 665 шаршы метр болатын шұңқырға асфальтті жабын төселіп, 622 жол белгісі, 66 көрсеткіш, 1060 дабылды бағана орнатылды.
"Осы жылдың 7 айында 51 жол апаты тіркеліп, 20 адам қайтыс болып, 108-і жарақат алды. Көп жағдайда жол апатына жылдамдықты арттыру (39%), қарама-қарсы бағытқа шығып кету (23%) және рөлдің басқарудан шығып кетуі (13%) себеп болады", - деп атап өтті БҚО-дағы ІІД-нің инспекторы Елдос Молдағалиев.