Батыс Қазақстан облысының әкімі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы YEDILOV ONLINE телеграм арнасы жазды.
«Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының әкімі ауысады. Қазіргі әкім Ғали Есқалиев бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келеді» делінген жазбада.
Айта кетейік, бүгін аталған өңірге Үкімет басшысы Әлихан Смайылов барды. Премьердің батысқа шұғыл баруына Президенттің өңірдегі жолдар туралы тапсырмасы себеп болса керек.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Ал Тоқаевтың бұл мәселе назар аударуына «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Күре жолдағы күрсініс» атты мақала себеп болған. Онда жолдардың сапасы сын көтермейтіні, тіпті кейбір аудандар мен облыс орталығын жалғайтын асфальт жолдың жоқтығы туралы айтылады.
«2018 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласына келген жұмыс сапарында Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарын жалғайтын жол салу жөнінде Үкіметке тапсырма беріп, халық қатты қуанған еді. Сол кездегі жоспар бойынша жаңа жол 2021 жылдың соңында пайдалануға берілуге тиіс болатын», дейді мақалада.
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Оралдағы сапарында өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жаңғырту маңызды міндеттің бірі екенін және автожолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейтінін айтып, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жолдарды жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауға тапсырма берген.
Алайда 2022 жылдың сәуіріндегі жағдай бойыша қос президенттің тапсырмасы орындалмағаны белгілі болды. Мұны жергілікті халық әлеуметтік желіде, БАҚ да жиі көтеріп жүрген.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша кеше Президент үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырып, «тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануы тиіс», деген.
Бүгін өңірге шұғыл жеткен Әлихан Смайылов бірінші кезекте 94 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді байланыстырып отырған «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолының учаскесіне барды.
«Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылы біз бұл жұмыстардың ауқымды бөлігін аяқтауымыз керек. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жобалар қаржының жетіспеушілігінен бітпей қалды. Биыл жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге көзделген, егер жұмыс қарқынын тездетуге техникалық жағдай мүмкіндік берсе, қосымша қаражат бөлуге болады. Бюджетті нақтылау кезінде біз "Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы" автомобиль жолына арнайы 6 млрд теңге қарастырдық. Жол жөндеу жұмыстарын 2022-2025 жылдары аяқтау қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Бұдан кейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, тағы да жол мәселесіне тоқталған.
«Кеше ғана Президент "Egemen Qazaqstan" газетіндегі Батыс Қазақстан облысының жолдарының жағдайына арналған “Күре жолдағы күрсініс” мақаласын оқып, маған және облыс басшылығына барлық қажетті шараны тез арада қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Ғали Нәжімеденұлы (Есқалиев – БҚО әкімі), осыдан тура бір жыл бұрын дәл осы салаға жауапты орынбасарыңыз Президенттің тапсырмасымен қызметінен босатылған еді. Бір жыл өтсе де, проблема әлі шешілмеген. Өңірдің проблемалары тез әрі тиімді шешілуі үшін үнемі Президент араласып, тапсырма беруі қажет пе?» — деді Әлихан Смайылов.
Ғали Есқалиев болса жолдардың нашар жай-күйінің негізгі себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігіне және пандемияның әсеріне байланысты екенін айтып, жауап берген.
Үкімет басшысы жиын соңында жыл соңына министрліктер мен әкімдікке жергілікті жолдардың нормативтік жағдайын қазіргі 39%-дан 46%-ға дейін көтеру; Батыс Қазақстан облысын тұрғындар үшін қолайлы бағадағы тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру; Орал жылу электр орталығын реконструкциялау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін пысықтау; 1 шілдеге дейін облыс аумағында газ-химия кешенін құру және оны шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау; өңірдегі тозығы жеткен электр желілерін азайту мәселесін пысықтауды тапсырған.
Сондай-ақ 77 тірек және 109 спутниктік ауылды дамыту үшін және өңірдің медициналық желісін жаңғырту үшін қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды, облысты етті мал шаруашылығын дамытудың ғылыми өндірістік базасы ретінде айқындау мәселесін пысықтау тапсырды.
Байқасаңыз, мұнда тек жол мәселесі ғана айтылмаған. Ал мемлекет басшысының жолға ғана қатысты тапсырмасын орындамаған жүректі әкімнің орнына іскер әрі білекті әкім керектігі түсінікті. Ғали Есқалиев облыс әкімі қызметін 2019 жылдың 13 маусымынан бері атқарып келеді.