Экономика
Выбор редактора
Бауыржан Бектеміров: Үлкен шешімдерді қалыптастыруға ат салысқанда, сен бүкіл елге ықпал ете аласың
Фото: hipo.kz [/caption]
- Сондай атақты университетте білім алу қиынға соқпады ма? Қандай артықшылықтарын байқадың?
-2003 жылы мен әлі оң-солын танымаған 17-дегі жас баламын. Кіл мықтылардың ортасына сіңісіп кету алғашында оңайға соқпады. Ойлаңыз, «Алтын белгі» иегері, олимпиада жеңімпазы, өз елінде «ең үздік» атанып үйреніп қалған бала өзінен де дарынды, «сен тұр, мен атайындардың» ортасына тап болады. Мен моральдық тұрғыдан «тоқырауға» ұшырадым. Сірә, өз мүмкіндіктерімді объективті түрде бағаламаған болуым керек. Оның үстіне, ағылшын тіліне шорқақтау едім. Лекцияларды түсінбейтінмін. Эссе жазатын кезде, курстастармен сабақты талқылайтын кезде өзімді ақымақ ретінде сезіндім. Тіпті кей сабақтарға қатыспауды шығардым. Бірінші семестрде мен бағдарламалаудың курсын (СS50) және Билл Гейтс секілді математиктер оқыған Америкадағы ең қиын курсқа қатысып, В+ алсам, екінші семестрде осы пәндердің жалғасын тапсырдым. Оқу жеңіл болды деп айта алмаймын. Тілді білмеуім мені рухани «тоқырауға» ұшыратты. Бәрі маған «сенен керемет математик шығады» дейтін. Сол уақытта мен алғаш рет кім болғым келетінін ойладым. Шынымен, бар уақытымды математикаға арнай алатыныма күдікпен қарай бастадым.
-Бауыржан, менің байқағаным, сен жетістіктеріңнен гөрі жеңілістер туралы көбірек сөз қозғайтын санаулы жандардың қатарынан екенсің...
Шетелде Fuckup nights деп аталатын тамаша шара өтеді. Маған идеясы қатты ұнайды. Себебі, жасыратыны жоқ, әдетте адамдар биік мансап пен байлыққа қалай қол жеткізгені туралы айтқанды жақсы көреді. Дегенмен, іс жүзінде бәрі бірден атақты болып, аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Әдемі «ертегінің» астарында қаншама қиындықтар болады. Өмір деген сол ғой, кез келген адам «сүрініп», сәтсіздікке тап болуы мүмкін. Мұндай кезде ең бастысы, қайта тұрып жүгіру. Мен де басымнан кешкен әр оқиғадан сабақ алдым. Ең ақылды, ең табысты, ең мықты мен емес екенімді де түсіндім. Бұл – өте маңызды нәрсе. Мысалы, өзім қатысқан олимпиадаларға бұдан былай «миды шынықтырудың» бір тәсілі деп қарайтын болдым.
-«Тоқыраулардан» кейін не істедің?
-2 курстан да «құлап қалғаннан» кейін, университеттің тәртіптік кеңесі мені академиялық демалысқа жіберуді жөн көрді. Жағдайды бағамдап, әрі қарай не істейтініңді ойланып кел деді. Демалыс алдым. Көп ойланып, ақыры, өмір бойы теориялық мәселелермен ғана шұғылданатын «таза» математик болмаймын деп шешіп, университетке жаңа тыныспен оралдым.
Мен қолымдағы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға кірістім: білікті оқытушылар, бай академиялық кітапхана және ең ақылды адамдардың ортасы. Біріншіден, «Сандар теориясы» курсының шеңберінде профессордың ассистенті атанып, студенттерге тапсырмалар дайындадым. Екіншіден, емтиханынан өте алам-ау деген курстарға қатыса бастадым. Сосын қосымша курстарды игердім. Мысалы, ойындар теориясы, италия тілі және менің дүниетанымыма біршама әсер еткен bilingual arts аталатын әдеби курс. Қазіргі атауы - State and the Nation. Онда шығармаларын бірнеше тілде жазған әлемдік деңгейдегі түрлі жазушылар мен философтар қарастырылады. Сабақта біз тіл, әдебиет, мәдениет турасындағы көптеген сұрақтарды талқылайтынбыз. Бұл курс маған оқуды үйретті.
Әдебиетте мен структурализмді және формализмді ұнатамын. Айталық, Набоков туындыларын оқығанда құлаққа жағымды естіледі. Мейлі, онда қандай да бір «экшен» не тарих кездеспесе де, оның уақыт пен кеңістікті суреттеуі, метафоралары – бірегей ерекшелік. Әйгілі Барт айтатын дәл сол мәтіннен «ләззат алу» – осы.
Ақыр соңында мен Гарвардтың бакалавриатын бітірдім және математик-ғалым болмайтыныма анық көз жеткіздім.
-Айтпақшы, сен білім алып жатқанда Марк Цукерберг те сол университетте оқыды ма еді?
-Иә, Цукерберг менен 2 курс жоғары оқыды, ал Присцилламен біз бір курста оқыдық, бір жатақханада тұрдық. Фейсбукті 2004 жылдан бері қолданамын. Платформа менің көз алдымда құрылды, ал мен бұл студенттік желінің университеттің сыртына тарап, кең өріс алғанын қаламағандардың қатарында едім (күлді – авт).
-Гарвардтан кейін мансабың қалай қалыптасты?
-Елге оралғасын, жарты жылдай жұмыс іздедім. Бір-екі компанияға түйіндемелерімді өткіздім. Жұмыстарына кірісіп кеткен достарым да мені «жарнамалап» жүрді. Содан «Самұрық-Қазына» макроэкономикалық мәселелермен айналысуға шақырды. Анығында, қазыналық саясатты зерттеуді ұсынды. Шыны керек, ол кезде бұның не екенін де білмейтінмін. 2 ай тегін еңбек етіп, онлайн-курстарға қатыстым. Қазыналық саясатты зерттеу барысында өз бетіммен ақпарат жинап, оларды жаңарттым, қаржылық бағдарламалаудың үлгісін жасадым әрі экономикаға әсер ететін факторларды, мемлекеттік бюджеттің қалай жұмыс істейтінін, түрлі салалардың қалай дамитынын көрдім.
Мысалы, ХВҚ Қазақстанның экономикалық өсуін қалай болжайды? Бұл да - қаржылық бағдарламалаудың бір үлгісі. Үлгілер құрылады, болжамдар жасалады, ал қалған көрсеткіштер өзгеріске бейім мағлұматтарға сәйкес қойылады. Үлгілеуден басқа институционалдық экономика туралы көп оқыдым. Осындай дайындықтан кейін мені алдымен «Самұрық-Қазынаның» ұжымдық институтына, 1 жылдан кейін штатқа қосты.
«Самұрық-Қазынадағы» жұмыстан кейін маған Экономика министрлігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер институтынан ұсыныс түсті. Математикалық үлгілеу бөлімінің бастығы болып қызметімді бастап, 1 жылдың ішінде департамент директоры атандым. Қосымша тағы қандай білім керек екенін мен сол кезде-ақ түсініп, бірнеше университеттің магистратурасына құжаттарымды тапсырдым. Мені Чикаго университеті қабылдады. Халықаралық банк бөлген грант бойынша оқыдым. Көбіне экономикалық саясатқа қатысты курстарға бардым. Мысалы, «Орталық банктер қалай жұмыс істейді» деген курсты «Financial Tіmes» бағанын жүргізетін мықты эксперт өткізетін. Мұндай әлемдік деңгейдегі мамандармен жұмыс істеу мүмкіндігі біліміңнің іргетасына айналары сөзсіз.
Мәселен, Қазақсанда ішкі жалпы өнім тауардың қанша пайдаланылғанына емес, қанша өндірілгеніне байланысты есептеледі. Неге? Өзге елдерде, айталық, Америкада тұтыну әдісіне қарай есептеледі. Дегенмен, бұл жоспарлы экономика кезеңінен қалған ескі әдіс.
Магистратура бағдарламасы бойынша шет елде өткен оқу мен тағылымдама маған біраз білім мен экономикалық сұрақтарды игеруіме септігін тигізді.
-Білуімше, сен содан кейін Экономика министрлігіне қайтып бармадың...
-Магистратураны аяқтаған соң Ұлттық Банкте жұмыс істей бастадым. Көп ұзамай, зерттеулер институтына келіп, қаржылай-кредиттік саясатпен айналыстым. Дәл инфляциялық шектеуге көшіп жатқан кез еді. Бұл – көп еңбектеніп, көп оқуды талап еткен қызығы мен қиындығы қатар жүрген кезең болды. Әріптестерімізбен бірге ойлап тапқан дүниелердің бүгінгі күні тәжірибеде пайдаға асып жатқанына мен өте қуаныштымын.
-Қазір де "Астана" халықаралық қаржы орталығында жұмыс істегендіктен, сенің қаржы нарығында қызықты дүние ойлап шығаруға жақсы мүмкіндігің бар. Сенің ойыңша, жеке өзің үшін ең маңызды нәтиже не болмақ?
-АХҚО командасы қазір жұмыс аймағын әзірлеп жатыр. Ақырғы мақсат – жаңа инструменттер мен жаңа институттар жасап шығару, шетелдік инвесторларды тарту. Мысалы, бүгін сот жүйесі сияқты бизнестің дамуына кері әсер ететін біраз нәрселер шетелдіктерге ұнамайды. Ашығын айтқанда, инвесторларда дәл осындай пікір қалыптасып қалған. Мен бұл мәселеде құқықтарымызды алға тартып, артықшылықтар мен кемшіліктерді жіпке тізіп, таласқым келмейді. Сәйкесінше, инвесторлардың көңілінен шығатын ортаны қалыптастыру керек.
Тағы бір мысал – реттеу институты. Кез келген адам АХҚО ойыншыларын реттеуде қызмет істей алмайды. Өйткені ойыншылар анау-мынау емес, Англия Орталық Банкінде жұмыс тәжірибесі бар мамандарды көргісі келеді. Арбитражда да осылай. Біз құрастырып жатқан жаңа институттарда еңбек етуге өзімнің де тәжірибем жеткіліксіз. Ал бұл институттардың барлығы инвесторлар үшін жасалып жатыр. Біздің басты мақсат – қажетті жағдай туғызып, сарапшыларды тарту.
-Ендеше, келесі сұрағым тікелей өзіңе. Қоғамда әр минутын жоспарлап жүретін прагматикалық адамдар да бар және сен сияқты идеялар мен қоршаған ортасының дамуын қалайтын идеалистік көзқарастағы адамдар да бар. Бауыржан, біліміңді коммерциялық секторда пайдалану ойыңда жоқ па?
-«Адвокат дьявола» фильміндегі соңғы сөз есіме түсіп отыр. «Өз-өзін шексіз сүю, бұл – табиғи есірткі». Мен жұмысымның қоғамға оң әсерін тигізгенін қалаймын. Маған айналысып жатқан ісімнің адамдар үшін пайдалы екенін білу маңызды. Егер мен нақты бір компанияда жұмыс істесем, сол компаниямның көп табыс табуына күш жұмсар едім. Үлкен шешімдерді қалыптастыруға ат салысқанда, сен бүкіл елге ықпал ете аласың.
Мысалы, экономикада және қаржы нарығында институционалдық мәселелер жетерлік. Институтты өзгертсең – жағдай да өзгереді. Мен институттардың жоғары дәрежеде жұмыс істегенін қалаймын. Менің еңбегімнің арқасында жұмыстың алға басып жатқанын көрсем, рахаттанамын. Бұл бір сыйлық жасау секілді. Мүмкін экономикалық жағынан ақшаны желге шашу болар, бірақ бұл - сондай тамаша сезім. Мына өмірде әркімнің өз миссиясы бар – бірі көп ақша тапқысы келеді, екіншісі – Ван Гог сияқты қиналғанды, картина салғанды ұнатады және өмірін өзгертуге тырыспайды. Бұл жақсы да, жаман да емес. Мен тек Қазақстанның болашағы үшін платформа қалыптастыратын қоғамның бір бөлшегі атанғым келеді. Қазақтың ұлы ақыны, философ Абай айтқандай, «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»
.Дереккөз: Hipo.kz





