Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» монографиясы, «Күй шақыртқы» атты күйлер жинағы мен CD күйтабағы жарыққа шықты

Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» монографиясы, «Күй шақыртқы» атты күйлер жинағы мен CD күйтабағы жарыққа шықты

Жұма күні ҚР Ұлттық кітапханасында дәулескер домбырашы, қазақтың күйшілік-домбырашылық дәстүрін ғылыми негізде әлемге әйгілеуші ғалым Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты монографиясының, «Күй шақыртқы» деп аталатын күйлер жинағы мен CD күйтабағының тұсаукесер салтанаты өтті.

Консерваторияның фольклорлық ғылыми зерттеу зертханасы қорындағы Базаралы Мүптекеевтің орындауындағы 25 күй ноталық күй жинақ әрі күйтабақ болып шығып отыр. Жобаны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясы ұйымдастырды. Монография, күйлер жинағы, CD күйтабақ PR маманы Ербол Азанбектің демеушілігімен жарыққа шыққан.

Айтулы шараға белгілі фольклорист-ғалымдар, өнертанушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, республикалық ақпарат құралдарының өкілдері мен өнер адамдары қатысты. Атап айтсақ, қазақ журналистикасының қара нарына айналған қуатты қаламгер, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, доцент Сағатбек Медеубек, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбай, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулхамит Райымбергенов, жыршы, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист Берік Жүсіпов, музыкатанушы ғалымдар Саида Еламанова, Гүлзада Омарова, Әлия Сабырова, «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Төлепберген Тоқжан бастаған консерватория ұстаздары қатысты.

Сонымен қатар Түркия, Корей елдерінен ZOOM платформасы арқылы салтанатқа онлайн түрде ғалымның шетелдік әріптестері де қосылып, өз естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі Анкара мемлекеттік консерваториясы, музыка теориясы кафедрасының профессоры – Ченг Гюрай.

Базаралы Мүптекеев (1967-2015) – қазақ руханияты мен мәдениеті жолында тер төккен арыс азамат, көрнекті өнертанушы ғалым, шертпе күй шебері. Жетісу күйшілік мектебін қайта жаңғыртқан, осы тақырып аясында диссертация қорғаған һәм хрестоматиялық күй жинақтарын жазған тұңғыш фольклортанушы ғалым. Саналы ғұмырында Жетісумен қатар Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұрасын жинақтаумен айналысты, оларды жүйеледі, кәсіби мектеп түзіп, ғылыми айналымға енуіне тер төкті.

Похожие материалы