Алматы. 10 тамыз. 7kun.kz – Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алу жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды 7kun.kz.
8 шілдеде Ulysmedia.kz басылымы Бекболат Тілеуханның Түркия азаматтығын алуға өтінім бергені туралы ақпарат жариялаған болатын. Алайда бүгін Бекболат Тілеухан өзі бұл ақпаратты жоққа шығарып, әлеуметтік желілердегі парақшаларында аудиожазба жариялады.
«Қадірлі бауырларым! Бұл мәлімдемеге себеп болып отырған – көптеген жанашыр бауырларымның хаттары, жазып жатқан посттары. Ойладым ғой мен ақылға сыймайтын нәрсе, ел нанбайтын шығар деп. Сөйтсем, ел иланып жатыр мен басқа елдің азаматтығын алуға өтініш беріпті дегенге. Кәдімгідей нанып жатыр ел, ақылға сыймайтын, қисынға томпақ нәрсеге нанып жатыр. Менің Данияр, Олжас, Қуат сияқты бауырларым, мен үшін аяулы болған, аңғал, батыр жігіттер ғой, нанғыш. Солар нанып, шашып пост жазғанын көрген кезде бүйтіп мәлімдеме жасамаса болмайтынына көзім жетіп айтып отырмын», – деді экс-депутат.
Ол өзге елдің азаматтығын алмайтынын және Ulysmedia.kz басылымын сотқа беретінін айтты.
«Айтайын дегенім, қадірлі бауырлар! Мен ешқандай да бөтен елдің азаматтығын өтініш берген жоқпын. Алла куә. Оллахи, Қазақстанда екі азаматтыққа тыйым салынған. Көк паспорттан айырылатын ойым жоқ. Сайқал саясаткерлердің жаласы. Кәдімгі жала бұл. Нанбаңыздар! «Ұлыс медианы» сотқа беремін. Енді олар сотқа беретінді біліп, әртүрлі жасауы мүмкін ғой: өтірік программамен өтірік бірдеңелер бар... Бірақ оған эксперт бар. Сотта кездесеміз, аманшылық болса. Айтайын дегенім, қадірлі бауырлар, ешқашан ондай өтірікке нанушы болмаңыздар», – деді ол.