Бес әлеуметтік бастама: жатақханалардың құрылысы оқу бағасына әсер етпейді
Мемлекет басшысының ұсынған 5 бастамасының бірі – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Бұл бастама аясында жатақханамен қамту үлесін арттыру студенттердің көңіліне сенім ұялатты. Себебі еліміздің барлық өңірінде талапкерлердің баспана жайы сын көтермейді. Жалпы алғанда қазақстандық студенттердің 40 пайызы жатақханаға мұқтаж. Орын тапшылығы Алматы, Астана, Шымкент қалаларында қатты сезіліп отыр. Мұны Білім және ғылым министрлігі де растап отыр.
Еліміздің Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылованың айтуынша айтуынша Елбасының бастамасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 118 миллиард теңге қарастырылған. Дегенмен бұл қаражат бірден бөлінбейді. Яғни құрылысқа қажет қаржы жыл сайын кезең-кезеңімен жұмсалатын болады.
«Бірақ бұл қаржы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында алдын ала жоспарланған сома. Ол 10 жыл уақыт аралығында бөлінбек. Яғни кезең кезеңімен іске асады. Біздің пайымдауымызша 2019 жылы осы мақсатта 100 млн теңге бөлінбек, кейін көлемі өсе береді. Қаржының ең көп бөлінуі 2022-2026 жылдардың еншісіне тиесілі. Бұл уақытта жатақханаға 15 млрд теңгеден бөлу көзделген»,- дейді Бибігүл Асылова.
Айта кетейік, студенттер үйін оқу орындары мен жеке компаниялар тұрғызады. Ал кейін мемлекет жұмсалған шығынды өтейді. Десе де студенттер үйінің құрылысы студенттердің қалтасына салмақ салмайды. Яғни бұл жұмыстар оқу ақысына кері әсерін тигізбейді. Әрі жатақханалар университетке жақын маңда бой көтермек. Жауаптылар бұл мәселені күн сайын бақылауда ұстап отырғанын айтуда. Тіпті жатақхана жырын тоқтату үшін бірқатар жұмыстар да қолға алынған. Мәселен қазір қаржыландыру бойынша үш жылға арналған республикалық бюджет туралы жоба Парламентте қаралып жатыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жатақхана орындарымен қамту шығыны 15 млрд теңгеге жетіпті. Осылайша, 2019-2021 жылдары 45 мың жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Бұдан өзге 2019-2020 жылдары іске асырылады деп жоспарланған жобалар толығымен жер телімдерімен қамтылған. Белгіленген 156 жер телімінің 105-і білім ұйымдарына тиесілі. Ал қалған 51-і әкімдіктен бөлінген. Бүгінде 33 жер телімінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп қойған. Ал 43 жер телімінің құжаттары дайындалып жатыр. Бибігүл Асылова бұл шара жыл соңына дейін толығымен аяқталады деп сендіреді.
Вице министрдің сөзінше бір ғана Алматы қаласында 22 мыңнан аса студент жатақхананы қажет етеді. Ол үшін соңғы үш жылда мегаполисте 37 жаңа жатақхана салу жоспарланып отыр. Бүгіннің өзінде жеті жатақхананың құрылысы жүріп жатыр, ал төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Тағы 12 жоғарғы оқу орны 4800 орындық жатақхана құрылысы үшін учаскені анықтап қойған. Бұдан басқа студенттер үйін пайдалануға беруге қажетті нормативтік база толығымен қабылданған.
Айта кетейік, 5 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған бес әлеуметтік бастаманың үшінші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, жастарды жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөліп, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырған.