
Жаңа премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қол астындағы министрлер кабинетінің көпшілігі өз орындарында қалды. Дегенмен, өзгерістер де бар. 7kun.kz билікте бүгін болған барлық ауыс-түйісті назарларыңызға ұсынады.
Министрлердің көбі орындарындарында қалды. Тек Берік Имашев Әділет министрі қызметінен босап, Орталық сайлау комиссиясының басшысы болып тағайындалды. Оның [Берік Имашевтің] орнына президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Марат Бекетаев тағайындалды. Ал Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне Талғат Донақов кірісті.
Иманғали Тасмағанбетов Қорғаныс министрі қызметінен кетіп, Дариға Назарбаеваның орнына барды да, премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал Тасмағанбетовтің орнына кезінде өзінің орынбасары болған Сәкен Жасұзақов отырды. Президент жарлығымен Қайрат Қожамжаров қайта құрылған мемлекеттік қызмет пен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы болып бекітілді.
[caption id="attachment_51172" align="alignnone" width="692"]
Бүгін, 13 қыркүйекте, президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ресми сайтында Конституциядағы 44-баптың 3-тармағына сәйкес, министрліктерге қатысты мынадай қаулы шығарып, министрлерді тағайындады.
Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов ‑ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;
Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов ‑ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;
Дәурен Әскербекұлы Абаев ‑ Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі;
Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев ‑ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;
Тамара Босымбекқызы Дүйсенова ‑ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі;
Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек ‑ Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі;
Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов ‑ Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
Арыстанбек Мұхамедиұлы ‑ Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі;
Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев ‑ Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі;
Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев ‑ Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.
Жалпы ауыс-түйістің алғашқысы 8 қыркүйекте Кәрім Мәсімовтің премьер-министр постынан кетуі болған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ал ҰҚК-ның Мәсімовке дейінгі басшысы Владимир Жұмақанов президенттің кеңесшісі болып бекітілген. Премьердің орнына уақытша отырған Бақытжан Сағынтаев көп кешікпей, 9 қыркүйекте, ресми түрде прьемер-министр қызметіне кірісті. Оның бірінші орынбасары болып "Қазақстан Темір Жолының" басқарма басшысы Асқар Мәмин тағайындалды.