Алматы. 15 қаңтар. 7kun.kz – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2018 жылдың 12 желтоқсанында биометрия жобасын іске қосты. Бір ай ішінде деректер базасына тіркеліп, мәліметтерін қалдырған азаматтардың саны 1473-ке жетті.
«Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Бұл ретте, біз мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмін іске қостық. Биометрия – жеке мәліметтердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуге көмектесетін құрал», – деді корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.Биометрия жобасы шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты не электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет емес. Бұл үшін бет-бейне скан көшірмесі немесе саусақ іздерінің болуы жеткілікті. Азаматтар деректерді Астана және Алматы қаласының ХҚКО-да қалдырып, мәліметтер базасына енгізе алады.Оспановтың айтуынша, биометрия өз бетінше алынатын қызметтер санының артуын, қызметтерді алу кезінде бөгде азаматтардың қатысуын болдырмауды қамтамасыз етеді.Жоба шеңберінде азаматтарға 52 мемлекеттік қызметтің көрсетілуі қарастырылған.Айта кетейік, биометрия базасы қаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауіпсіздік салаларында қолданылады. Сондай-ақ ғимаратқа кіру жүйесінде де пайдаланылуы мүмкін. Шетелдік тәжірибеде биометрия әдісін Ұлыбритания, Үндістан, Нидерланд королдігі ұтымды пайдаланып жатыр.Жоспарға сәйкес, бір ай бұрын Астана және Алматы қалаларында енгізілген биометрия пилоттық жобасы қыркүйек айына дейін барлық облыстарда іске қосылады.