Қазақстандық "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниясы Моңғолия нарығына автокөлік жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен хабарланды.
"Облыс әкімі Даниал Ахметов Моңғолия Республикасына сапары барысында мемлекеттің премьер-министрінің орынбасары Цэрэндашийн Оюунбаатармен кездесті. Кездесу кезінде автомобиль өндірісі саласындағы екіжақты серіктестік туралы сөз болды", - делінген хабарламада.
Моңғолиялық серіктестерге мемлекет аумағында қазақстандық автокөліктерді жинақтау орны мен сауда желісін ашуға қатысуға ұсыныс жасалды.
"Бипэк Авто - Азия Авто" компаниясы Қазақстанның автокөлік нарығында 1992 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. "Бипэк Авто" компания тобына "Азия Авто" АҚ мен Lada, Skoda, Chevrolet, KIA, UAZ және Renault автокөлік маркаларының дистрибьюторлық және дилерлік компаниялары кіреді.