Соңғы жеті күнде мұнай бағасы 4,7%-ға қымбаттады. Мұнай деңгейін қалыпты ұстап тұру туралы жаңалықтан кейін қара алтынның баға белгіленімі өсе бастады, деп жазды LS.
Сонымен 2 наурыз күні Астана уақыты бойынша 10:30-да мамыр айына арналған Brent маркалы мұнайдың фьючерс бағасы 36,73 долар көлемінде белгіленді. Осылайша ICE Futures құрылықаралық биржа мәліметі бойынша бір аптадағы баға 4,7%-ға артты.
Vestifinance.ru сайтының мәліметіне сәйкес, мұнай бағасы Ресейдің энергетика министрі Александр Новактың мәлімдемесінен кейін өсе бастаған. Ол наурыз айында мұнай өндіруші елдермен қара алтын деңгейін қалыпты ұстауға қатысты нақты келісім жасалау жөнінде кездесу болатынын атап өтті.
"Қазіргі уақытта 15-тен аса мемлекет өздерінің дайындықтары туралы көпшілікке жария етті. Яғни өндіруші елдердің 73%-ы мұнай деңгейін қалыпты ұстауға келісім беріп отыр. Бұдан әрі наурыз айында ОПЕК және басқа да шикізат өндіруші елдермен нақты шешім қабылдау туралы келісім жасаймыз", - деді А.Новак.