Алматы. 6 желтоқсан. 7kun.kz — Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы 8,5 млн теңге жымқырды деп айыпталуда, деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.
"Ол 2018 жылдың қараша айында кәдесый өнімдерін сатып алуға бөлінген 8,5 млн теңгеге жалған акт жасау арқылы бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", - деді Жанна Бастарова.
Ресми өкілдің хабарлауынша, Қарағанды облысында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ағымдағы жылдың маусым айынан қыркүйек айына дейін мамандандырылған спорт мектептерінің басшыларынан спорттық іс-шараларға жұмсалған шығындарды жабу мақсатында заңсыз 900 мың теңге жинаған.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
"Ол ағымдағы жылдың 23 қарашасында кәсіпкерден станция балансындағы тауарлық астықты кедергісіз сатқаны үшін 370 мың теңге көлемінде пара алды деп күдіктеніп отыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", — деді агенттік өкілі.
Облыстық экология департаментінің басшысы мен осы департаменттің бөлім бастығына да қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілерге лауазымдық қызметін асыра пайдаланып, 3,6 млн теңге ақша жымқырды деген айып тағылды.
Бұдан басқа, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаментінің жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде Қарақия ауданы әкімі аппаратының басшысы ұсталды. Оны жеке кәсіпкердің 1 млн теңге ақшасын иеленеді деп күдіктенуде.