16 қараша күні Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын таныстырды. Ол бес негізгі бөлімнен, 20 стратегиялық бастамадан, 21 ұлттық көрсеткіштен тұрады. Жаңа стратегиядағы кейбір жоспарлы көрсеткіштер сарапшылар арасында талқы тудырып, экономистердің сынына ұшырады.
"Шағын кәсіпкерлер саны 500 мыңға артады"
Министр стратегияны таныстыру барысында "2025 жылға дейін микрокредиттеу мен кәсіпкерлерді дайындау бағдарламаларының арқасында 500 мың жаңа кәсіпкер пайда болады" деп мәлімдеді. Аталған жоспар сарапшылардың сынына ұшырады. Министрдің айтуынша, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес (ШОБ) үлесі қазір - 25 пайыз, бұл көрсеткішті 2020 жылы - 30 пайызға, ал 2025 жылы 35 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы қамқоршылар кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаев бұл "болжамның" орындалатынына күмәнданатынын айтады.
- "2020 жылы 30 пайызға жету үшін ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 15 пайызға арту керек. Ал ол үшін ШОБ жыл сайын 6,7 пайызға өсіп отыру керек. Қазіргі жағдайда мұндай көрсеткішке жету - мүмкін емес", - дейді сарапшы.
Экономистің айтуынша, қазір шағын және орта бизнес 2016 жылдың 1-жартысында 4,6 пайызға азайып, белсенді жұмыс істейтін кәсіпорындар саны 92 мыңға азайған. Бірақ "Даму" қорының басшысы Қаныш Төлеушин сарапшының бұл пікірдің қате екенін, шағын және орта бизнестің үлесі азаймай, керісінше 18 пайыздан 25 пайызға артқанын айтады. Бірақ экономист Рақым Ошақбаев "ШОБ үлесінің артуы Кәсіпкерлік кодексінде енгізілген өзгерістер әсерінен ғана болды" дейді.
- Статистика комитетінің мәліметінше, ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 2013-2014 жылдары 9 пайызға бірден өсуі шағын және орта бизнес кәсіпкерлері санатына жылдық орташа қызметкерлер саны бойынша жатқызу критерийін өзгерту әсерінен болды, - дейді сарапшы.
Ал экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбденнің айтуынша, қазір кәсіпкерлікке қолдау көрсету әлі жеткіліксіз.
- Бұл бағытта жұмыс 25 жыл бұрын-ақ басталған, бірақ кәсіпкерліктің үлесі қазір 20 пайыздан сәл-ақ асады. Халықтың қаржылық, экономикалық сауаттылығы әлі төмен деңдейді. Мысалы, кәсіп бастаймын деп несие алғандар саны - 5 миллионға жуық. Олардың басым бөлігі қаржысын қайтара алмай, қиналып жүр. Неге? Себебі сауаттылығы жоқ. Ал бұл - үкіметтің міндеті еді, - дейді профессор.
"Жан басына ЖІӨ 35 мың доллар болады"
Одан бөлек, жоспарда "2025 жылға дейін халықтың әл-ауқаты жақсарып, сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 35 мың долларға жетеді" деп жазылған. Ресми деректер бойынша, қазір бұл көрсеткіш - 25,6 мың доллар. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, соңғы жылдары логистика, көлік-тасымал салаларында жағдай оңалған, бірақ біз "қаржы көзі" деп сенім артатын негізгі фактор, өкінішке қарай, бізге байланысты емес.
- "Қашаған" кен орнының да мұнайы өндіріліп жатыр. Оның табысы да бар. Бірақ мұнай бағасы қандай болатыны да бізге байланысты фактор емес. Десек те, 1-2 пайыздық өсім болуы мүмкін, алайда мынадай қарқынмен "жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 35 мың доллар болады" деу - тым үлкен әрі болуы күмәнді болжам", - дейді сарапшы.
"100 млн шаршы метр үй береміз"
Сонымен қатар, 2025 жылға дейінгі стратегияда "Нұрлы жер бағдарламасы бойынша он жылда 100 млн шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етіп, "жан басына шаққанда баспанамен қамту көрсеткіші 21-25 шаршы метрге дейін жетеді" деп жазылған. Сарапшылар тұрғын үймен қамту көрсеткішін арттыру жақсы мақсат екенін, бірақ министр бекіткен көлемнің орындалатынынa күмәнданатынын айтады. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, халықтың қазіргідей көбею қарқынымен 2025 жылға дейін бізге одан да көп тұрғын үй қажет болады.
- Халық саны 2 миллионға артса, стратегияда бекітілген 340 млн тұрғын үй емес, 480 млн болу керек, яғни 140 млн арттық үй болу керек. Бұл дегеніңіз, құжат жасаған кезде халық санының өсетіні ескерілмеген. Одан бөлек, сұраныс жоғары емес, себебі халықтың ақшасы жетпейді: бізде 1 шаршы метрдің орташа бағасы - 300 мың теңге, ал қазір орташа жалақы - 130 мың теңге. Отбасының алған үйі 25 шаршы метр болса, үйдің бағасы 30 млн теңгеге жуықтайды. Егер ипотеканы 20 жылға алса, жыл сайын 1,5 млн теңге төлеп отыруы керек болады. Ал ай сайын 125 мың теңгеден тиеді, бірақ бұл үстемесіз есептегенде. Пайызды қоссақ 200 мыңнан көп болады. Ал оны алуға ақшасы жететіндер аз, мемлекет оны жеке компанияларға да сата алмауы мүмкін. Осыны қалай іске асырайын деп жатқаны қызық", - дейді экономист.
"Балабақшамен 100 пайыз бала қамтылады"
Жаңа стратегияда білім беру саласы да қамтылған. Министрдің мәлімдеуінше, 3-6 жас аралығында балалар 100 пайыз мектепке дейін білім беру мекемелерінде оқитын болады. Экономист Ғалым Құсайнов елде мұндай жоспарды орындауға қаржы жетпейтінін айтады.
- Қазір елде 8 мыңға жуық мектепке дейінгі мекеме бар, олар барлық баланың 46 пайызын ғана қамтиды. 2025 жылға қарай ең болмаса 80 пайызын қамтамасыз ету үшін тағы 8 мың ғимарат керек. Егер әрбір мекемеге 200 млн теңге кетсе, 8 мың балабақшаны салуға жылына 160 млрд теңге, жалпы 1,6 трлн теңге керек болады. Министр мұны қайдан алатыны белгісіз, - дейді сарапшы.
Айта кетейік, Investment Group ACME компаниясының бас директоры, экономист Жанар Сұлтанбекова 2016 жылы Ұлттық қордың активтері 73,2 млрд доллардан 63,5 млрд долларға дейін түскенін, Мұнай бағасы ары қарай да құлдырап, қаржының жұмсалуы осылай жалғаса берсе, Ұлттық қордың қаражаты бес жылда таусылуы мүмкін екенін айтқан еді.
Аян ҚАЛМҰРАТ, "7"