Алматы. 29 сәуір. 7kun.kz – Бүгінгі таңда жатақханаларда 19 мыңнан астам орынды енгізуге арналған 43 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 2019 жылы 9 196 орын, 2020 жылы – 2 716 орын, 2021 жылы – 8 064 орын енгізілетін болады, деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова.
Оның айтуынша, аталған жобалардың 20-ы кәсіпкерлердің, 23-і оқу орындардың, олардың 13-і жекеменшік, бастамалары бойынша жүзеге асып жатыр. Өңірлер арасында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы көшбасшылар қатарында. Ақтөбе, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жұмыс қарқыны өте төмен.
«Мемлекеттік білім беру мекемелерімен салыстырғанда, жеке оқу орындарының белсенділігі әлдеқайда жоғары. Мысалы, ағымдағы жылы жеке оқу орындары 2 044 орынды қамтамасыз ететін 8 жатақхананы пайдалануға береді. Мемлекеттік университеттер 432 орынға есептелген 2 жатақхананы іске қосады», - деді министр.
Айта кетейік, 2019 жылы студенттерге жоспарланған 5 мыңның орнына 9 196 орын беріледі. Яғни, жоспар 184%-ға орындалады.
Оның айтуынша, аталмыш жобаға инвесторларды кеңінен тарту мақсатында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттарына негізделген арнайы тетік жүзеге асырылуда. Нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, қаржыландыру көлемі бекітілді (2019-2021 жылдарға 15 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 1 млрд теңге).
Сондай-ақ, жатақхана құрылысын жүзеге асыратын кәсіпкерлерге инженерлік коммуникациялар жүргізілген жер учаскелері беріледі, банктік несиенің 7% - ын мемлекет субсидиялайды. Жатақхана құрылысына қойылатын талаптар оңтайландырылды. Осы шаралар инвесторлардың шығындарын қысқартуға және іске асырылатын жобалардың жалпы құнын төмендетуге ықпал етеді.
Жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін келесі 8 жыл ішінде оның меншік иесіне мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Жаңадан салынған жағдайда жыл сайынғы төлем бір студентке 308 мың теңгені, қайта құру кезінде 119 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар, инвесторға жатақхана ғимаратында асхана, тренажер залы және басқа да тұрмыстық қызметтерді ұйымдастыру арқылы қосымша табыс алу мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында әкімдік тарапынан жатақхана ақысын субсидиялау тетігі енгізілген.