Әлемнің көптеген мемлекеттері зейнеткерлік жасын ұлғайтуды қолға алып отыр. Оның ішінде еліміз де әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартуды кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ. 1960 жылдан бері қазақстандықтардың орташа жасы 58 жастан 71 жасқа дейін ұлғайған. Бұл бізде ғана емес. Қазір бүкіл адамзат баласының орташа жасы жоғары. Сондықтан олардың зейнетке шығу уақыты да кейінге шегерілуі мүмкін дейді Давостағы экономикалық форумға келген ғалымдар.
Сіз 100 жасқа дейін өмір сүресіз бе? Мүмкін, олай емес те шығар, бірақ мұндай тағдыр сіздің балаларыңыз бен немерелеріңізге бұйыратыны хақ.
"ХІХ ғасырдан бері адамдардың өмір сүру ұзақтығы әр онжылдықта 2,5 жылға өсіп келеді"
Халықаралық экономикалық форумның негізгі тақырыбы «Брексит», Қытай мен Трамп болып қала бермек, бірақ швейцариялық ауылда бүкіл әлемдік маңызы бар «Адамдары жылдан жылға ұзақ өмір сүріп жатқан қоғамды не істейміз?» деген тағы бір тақырып та талқыланып жатыр.
Статистикаға сенсек, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Франция мен Германия секілді дамыған елдерде 2000-шы жылдан кейін дүниеге келген адамдар 100 жасайды, мүмкін одан да ұзақ өмір сүреді деген болжам бар.
ХІХ ғасырдан бері адамдардың өмір сүру ұзақтығы әр онжылдықта 2,5 жылға өсіп келеді, дейді Макс Планк атындағы демография институтынан келген Джим Вопел.
Кейбіреулер үшін бұл тамаша жаңалық болар, себебі кім ұзақ өмір сүргісі келмейді дейсің?! Бірақ іс жүзінде бізге ұзақ өмір сүргенмен қатар, ұзақ уақыт жұмыс істеуге де тура келетіні тағы бар.
«Егер 30 жасқа ұзақ ғұмыр кешсек, онда бізге зейнетақыға қазіргіден 5 есе артық қаражат жинауға тура келеді. Біз көріп-біліп жүрген зейнетақы енді болмайды», - дейді Давостағы осы пікірталасты басқарып отырған Линда Граттон.
"...бізге белгілі адам өмірінің 3 кезеңі, яғни оқу, жұмыс, зейнеткерлік енді жоғалады. Оның орнына адамдар бірнеше рет мамандық ауыстырады"
Психолог мамандығын оқыған ол – Лондондағы бизнес және менеджмент жоғары мектебінің оқытушысы және осы тақырыпқа толықтай бір кітап арнаған.
Линда Граттонның пікірінше, бізге белгілі адам өмірінің 3 кезеңі, яғни оқу, жұмыс, зейнеткерлік енді жоғалады. Оның орнына адамдар бірнеше рет мамандық ауыстыратындықтан, оларға әрдайым білімдерін жетілдіріп отыруға тура келеді.
Дегенмен бұл жүйе бізге жат көрінсе де, оның айтуынша, жұмыста өткізетін қосымша уақыт адамның жеке өмірі мен жұмысы арасындағы балансқа жақсы әсер етуі мүмкін.
Егер сіздің жұмысқа қабілетті кезеңіңіз 60 жасқа дейін, тіпті, одан да көп болса, онда сіз бір-екі жыл ауырып қалған туыстарыңызға немесе немерелеріңізге қарай аласыз. Бұл карьераңыз бен табысыңызға қатты зиянын тигізе қоймайтын болады, деп есептейді Линда Граттон.
Қария кісілердің құқығын қорғайтын америкалық ұйымның, яғни AARP-ның басшысы Джо Анн Дженкинс, Америкада қазірдің өзінде адамдар ұзағырақ жұмыс істейді дейді.
2012 жылы АҚШ-тағы еңбек етушілердің үштен бір бөлігі 50 жастан жоғары адамдар болған. Ал 2022 жылға таман олардың салмақ үлесі 36 пайызға жетеді деп болжап отырмыз.
«Бұрындары орта жас 35 деп есептелген. Қазір бұл 50 жастың ар жақ, бер жағы. Сәйкесінше, жұмыста да солай. Біраз уақыт бұрын 55-60 жастағылар жұмыс істеу үшін тым кәрі дейтін, Ал қазір олай емес», - дейді Джо Анн Дженкинс.
Сонымен қатар, ол, компанияларға да қызмет етушілердің жастарының ұлғайып келе жатқанына ет үйреткен дұрыс дейді.
«Бірнеше онжылдық алдын біз «Ер қызметкер, әйел-басшыға бағына ала ма?» деген маңызды сауалға жауап бердік. Енді басқаша сұрақ туындап отыр: «Қария кісі жастау басшыға бағына ала ма?». Менің ойымша, көптеген компаниялар мұндай жағдайда не жасау керектігін ойластырып та қойған сияқты», - деді ол.
Жаңаша дәрі-дәрмектер
Өмір сүру ұзақтығы өскенімен, адамдардың денсаулығы одан жақсара қоймайтыны белгілі.
Жапонияның «Такеда» фармацептикалық компаниясының басшысы Кристов Вебердің ойынша, бұдан кейінгі маңызды сауал мынадай: «Адамдар өзінің мықты денсаулығы мен дене-бітімінің беріктігін қаншалықты сақтай алады?».
Жапон халқының төрттен бір бөлігі - 60 жастан асқан адамдар. Бұл өз кезегінде қартайғанда шығатын деменция ауруының жиілегенін білдіреді.
Вебердің айтуынша, қартайып келе жатқан халыққа арнап жаңа дәрі-дәрмек ойлап табатын ғылыми зерттеулерді жүргізу қажет.
«[Өмір сүру ұзақтығы] – бұл тамаша, бірақ бұған қатысты қаржылық шығындарды қалай қалыптастырған жөн», - дейді ол. Сонымен қатар, адамдардың саулығы жақсарса, мемлекет пен қоғамға олардың қартаюы көп салмақ сала қоймайды, деп түсіндірді.
Үзіліс
Жұмысқа қатысты айтар болсақ, дейді Кристоф Вебер, зейнетке шықпастан бұрын, қызметкерлерге қандай да бір өтпелі кезең қажет болады. Мысалы, қартайған кісілер уақыт өте келе жұмыс уақытын бірте-бірте азайтып отыра алады немесе жас менеджерлерге маңызды шешім қабылдауда ақыл-кеңесін айтып жәрдемдеседі.
Егер сізге 70 жаста да жарты жалақыға жұмыс істеу қиын көрінсе, Линда Гранттон бұл мәселеге басқа қырынан қарауды ұсынады.
Оның айтуынша, 60 жасқа дейін немесе одан да ұзақ уақыт бойы еңбек нарығында қалу үшін, сізге аракідік біліміңізді жетілдіріп, мамандығыңызды өзгертуге тура келеді. Өз кезегінде бұл сізге жұмыстан демалып отыруға себеп болмақ.
"Бір жылдық еңбек демалысын алыңыз да, жақсылап демалыңыз, - деп кеңес береді ол. – Неліктен тек жастар ғана мектеп пен университет аралығында бір жылдық үзіліс жасауы қажет? Мұны 50 жаста да істеуге болады ғой. Сөйтіп саяхаттап қайтуға мүмкіндік туады".