Экономика
Бизнеске бөлшек сауда салығы енгізілмейді
Астана. 8 желтоқсан. 7kun.kz - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда бөлшек сауда салығын енгізу туралы дауға нүкте қойды. "Атамекен" ҰКП-ның кеңейтілген отырысында ол бөлшек сауда салығы енгізілмейтіндігін жариялады.
"Бұл өте ауыр сұрақ, ұзақ талқылап келеміз. Жыл басынан бері үкіметте де қарап, көптеген шетелдік консультанттарды тыңдадық. Барлығының айтатыны бір, Қазақстанда бөлшек сауда салығын енгізудің жөні жоқ", - деді Сағынтаев.
Оның сөзінше, министрлер кабинеті осы сұраққа қатысты ұзақ дискуссия жүргізді, бірақ қазір жағдайды бәрі түсінді.
"Соңғы жиналыс кезінде әріптестерімізбен бірге мемлекет басшысына баяндама жасап, өз ойымызды айттық. Мемлекет басшысы егер сендер солай деп есептесеңдер, шешім қабылдаңдар деді. Біздің позициямыз - Қазақстанға бөлшек сауда салығы қажет емес", - деп мәлімдеді премьер-министр.