Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бизнесті жеңілдетуге арналған 7 бағдарлама

Бизнесті жеңілдетуге арналған 7 бағдарлама

Бизнес жүргізу оңай емес, бірақ жеңілдетуге мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Ұялы телефон, планшет, компьютерлік құрылғылар арқылы бизнесті сырттай басқаруға, кәсіпкер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, құжаттарға қашықтықтан қол қойып, жобаларды талқылауға мүмкіндік береді. Сіздерге жетеуін таңдап ұсынамыз. 

Slack бағдарламасы компанияның барлық мүшелерін немесе арнайы жобаның тобын бір чатқа кіргізуге жағдай жасайды. Бағдарлама көмегімен жаңалықтарды талқылап, ақпарат алмаса аласыз. Slack арқылы кез-келген форматтағы файлдарды жіберуге де болады: құжаттар, суреттер, презентациялар. Сонымен қатар Hangouts, Asana, Twitter, Dropbox сынды бағдарламалармен біріктірілген. Веб-нұсқа және ұялы телефондар арқылы қол жетімді. 

Жақында шыққан Sign Easy бағдарламасы ұялы телефон арқылы қажетті іскерлік құжаттарға қол қоюға жағдай жасайды. Evernote, Dropbox, Google Drive, Slack және сіздің поштаңызбен байланысты. Құжатқа қол қою үшін арнайы жолға қолтаңбаңыз енгізіледі. Қолтаңбаны алдын-ала стилуспен немесе саусақпен жазып сақтауға да болады. Құрастырушылардың сөзіне сенсек, бүгінге дейін 4 млн қолданушы дәл осы бағдарламамен қолтаңбасын енгізіп жүр.

Solid бағдарламасы ірі компаниялар мен бөлімшелерге арналған. Мекеменің қызметкерлеріне жиналыс ұйымдастыруға, тәртібін жариялауға, кейіннен оның қандай деңгейде өткендігін талқылауға мүмкіндік береді. Бағдарламаның ресми сайтында аталмыш бағдарламамен Uber америкалық халықаралық компаниясы, Spotify музыкалық сервисі және OLX компаниясы жұмыс жасайды. Бағдарлама өтетін кездесудің негізгі мақсатын қызметкерлерге жеткізуге жағдай жасайды және іс-шараның ұзақтылығын көрсетуге, ескертпе жасауға ыңғайлы. Бағдарлама құрылымы  нақты әрі түсінікті әзірленген.

Concur бағдарламасы компания мен жұмыскерлер арасындағы байланысшы қызметін атқарады.  Өзіңіздің, іс-сапар немесе саяхатта жүрген жұмысшының шығындарын есептеуге мүмкіндік береді. Компания менеджері шығындардың қандай мақсатта жұмсалғанына байланысты қаражатты көтеруге немесе төлемеуге құқылы. Concur бағдарламасы шығындарды ретке келтіріп, белгіленген бюджеттен асып кетпеуін қадағалайды. Бағдарлама – ақылы.

Podio бағдарламасы да ақылы болғанымен, бірнеше қызметкерлердің бір жобаны бірлесіп істеу кезеңінде өте ыңғайлы. Сізге жобаның барлық сатыларының барысын бақылауға көмек көрсетеді. Осы бағдарламамен  ағымдағы тапсырмаларды, күнтізбедегі күндерді белгілуге және жоба ішінде ақпарат алмасу арқылы жұмысшылардың ісін оңтайландыруға болады. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмысын жеке және жалпылама түрде бақылауға да мүмкіндік жасалған.

 Wunderlist бағдарламасы арқылы тізімдермен бөлісіп, жобаны бірлесе орындауға немесе демалыстарды жоспарлауға болады. Бұл бағдарлама MacOS, iOS, Android сынды жүйелердің барлығында қол жетімді. Қызметкерлерді топтастырып, басқа да адамдардың жоспарға қосылып отыруына жағдай жасайды.

Ал келесі бағдарламада іс-құжаттармен жұмыс істеу кезінде оның қателіктерін жөндеп, ретке келтіріп, басқа адамдарға жіберу мүмкіндіктерін жасайды. Сізде ол құжаттың тек басылған нұсқасы бар делік. Егер қолыңызда смартфоныңыз болса, Camscanner бағдарламасы көмек көрсетеді. Мәтінді тек суретке түсірсеңіз, ол экранда құжат ретінде пайда болады. Оны сақтауға, жөндеуге және жіберуге болады.

Нұрила Әбдіманап "7"

Похожие материалы