Астана. 5 қараша. 7kun.kz - Қазақстанда инженерлік бағыт өте жақсы дамыған. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «The Startup Owners Manueal» тең авторы, кәсіпкер Боб Дорф білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанға алғаш рет келіп отырсам да, сіздердің қол жеткізген жетістіктеріңізді көріп таң қалдым. Кеше 60-тан астам стартаппен танысқан едім. Қазақстанның бұл бағытта жұмыс істей бастауы шабыттандырады. Елде инженерлік бағыт өте жақсы дамыған екен. Соның арқасында елдеріңіздің стартаперлері барынша қарапайым әрі өте тиімді әдістерді қолданады», - деді ол. Оның пайымынша, бұл Қазақстан үшін өте жақсы. Себебі оны арқасында жаңа салаларды дамытуға мүмкіншілік мол. «Олар оған мол энергия жұмсап, қомақты қаражат салады. Нәтижесінде оның жаһандық деңгейде де, Қазақстан үшін те пайдасы мол. Жалпы, Қазақстанға келудегі басты мақсатым ынтымақтастықты одан ары дамыту үшін байланыс орнату болды», - деді Боб Дорф.
Айта кетейік, форумының ашылуында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпірге айналатындығын айтты. Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға. Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысуда. Форум аясында «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессиясы өтеді. Сонымен қатар, сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков қатысады деп күтілуде.