Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бұл – шынымен басқа заман

Бұл – шынымен басқа заман

БОСТОН – Құрметті инвесторлар “Қазір заман басқа” деп айтуды онша ұнатпайды. Дегенмен, соңғы айлардағы нарықтың құбылуына қарасақ, олар бизнес циклі соңғы рет айналған уақытпен салыстырғанда бұл жолы ненің өзгеше екенін жіті қадағалап отырады. 

Соңғы бетбұрыс, әрине, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы. Ол кездегідей емес, қазір негізгі экономикалық көрсеткіштер жақсы, яғни төніп тұрған рецессия біз оны өлшеп үлгергенше өтіп кететін тәрізді. Бірақ бұл келесі циклдің тәуекелдері мен артықшылықтарын бағалауды ойлап жүрген инвесторларға көмектесе алмас, оларға өтімділіктегі, саясат пен технологиядағы болжауы қиын тербелістер ықпал етуі мүмкін.

Ғалымдар орталық банктердің соңғы он жылдағы сандық жеңілдету (quantitative easing – QE) әрекетінің мұрасын зерттеп конференция өткізіп жатыр, ал инвесторлар саясаттың өзгеруі алдағы қаржылық жағдайға қалай әсер ететінін білгісі келеді. Басты орталық банктер облигацияларды сатып алу арқылы өтімділікке жаппай қаржы салу әрекетін тоқтатты десе болады, қазір әрқайсысы түрлі деңгейде баланс теңдігін қалыптастырып жатыр.

АҚШ-тың Федералдық резерві нарықтағы тербелістерге көз ілмей, президент Дональд Трамптың пайыздық үстемелерді көтер деген ұсынысына қарсы шыққан күннің өзінде оның балансы әлі де айына 50 миллиард долларға кішірейіп барады. Еуропа Орталық банкі облигация сатып алуды 2018 жылғы желтоқсанда тоқтатты. Ал Жапония банкі сандық жеңілдету (QE) бағдарламасын тоқтатуды бастап кеткен тәрізді, дегенмен “бұл тоқтатудың соңы қашан?” деген сұраққа әлі жауап жоқ. Жалпы алғанда, QE бағдарламасының кішіреюі түрлі кезеңдерде түрлі көлемдегі арналар арқылы  аса ірі көлемде өтімділік қалыптастырды.

Жаһандық қаржы жүйесі жүзушілердің айналасында толқындар тербеліп жатқан алып бассейнге ұқсайды. Оның үстіне, АҚШ долларын ұзақ уақыт күшті етіп ұстап тұрған суасты ағыстары баяулайтын тәрізді, себебі салыстырмалы түрдегі өсім күтілімі еуро мен дамушы нарықтарға қарай ойысуы ықтимал. Сандық жеңілдету (QE) жалғасатындықтан, тұтқиылдан келген құйын орта көлемді банкті не хедж-қорды жұтып қойса, таңқалмаңыз.

Жағдайды күрделілендіріп тұрған тағы бір нәрсе – саяси белгісіздіктің жаңа көздері жаһандану мен экономикалық интеграция келесі циклда да әрі қарай жалғасады дегенге күмән туғыза бастады. Иә, Трамптың алюминий, болат және Қытайдан келетін басқа көп тауарға импорт тарифін енгізуі аз ғана өнеркәсіпке салыстырмалы түрде болар-болмас әсер етті. Дегенмен жаһандық құн тізбегін күрт үзудің ықтималдағы мультиұлттық компанияларды қайда, қашан инвестиция салу жайын қайта пысықтауға мәжбүр етті.

Бизнес басшылары “саяси тәуекел”  туралы айтқанда осыны меңзейді. Тіпті АҚШ пен Қытай сауда соғысындағы “бітімді” әрі қарай созамыз деп келіскен күннің өзінде қақтығыс қаупі бәрібір сақталады. Яғни, сақ инвесторлар қосымша тарифтер мен қайта жобаланған жеткізу желілерінің ықтимал шығындарын қаперге алып отыруға мәжбүр болады.

Сол сияқты, сағат тілі 29 наурыздағы Брекзит күніне қарай тықылдап сырғып келе жатқанда Британия мен Еуропа одағы арасында еркін жүрген тауар мен қызмет тасымалдаушы компаниялар аса ауыр белгісіздік кезеңіне тап болды. Әрине, әлемдік сауда тоқтамайды. Бірақ келесі циклда инвесторлар жаңа тарифтердің, шекара бақылауының және әлемнің басты экономикаларында тамыр жайып келе жатқан популимнің басқа да әсерлерінің шығындарын есепке алуға тиіс болады.

Оның үстіне, бүкіл әлемде революциялық жаңа технологиялар және бүлдіргі бизнес-модельдер қызметкерлердің табысына қауіп төндіріп жатыр. Соңғы цикл кезінде арзан Интернет байланысы коммерциялық инновация мен интеграцияны дамытты. Ал болашаққа көз жіберсек, бизнес өкілдері мәліметтің үлкен ағынын түсіну үшін мобильді желі, арзан цифрлық “қойма” және күрделіленіп келе жатқан алгоритмдермен жұмыс істеуге тиіс болады.

Сауда орталықтары мен таксопарктердің орнын Amazon мен Uber басып қана жатқан жоқ, бүкіл мекемелер технологияға негізделген, салалық бизнес-модельдердің қысымына ұшырап отыр.  Өндіріс, денсаулық сақтау және инвестицияны басқару – технологиялық іркілістерден жапа шегетін салалардың бір парасы. Алыс болашаққа көз жіберсек, технологиялық іркілістің бухгалтерлік есепке, блокчейн технологиясына әперер жақсылығын да ойлау керек. 

Әлі көп жыл бірнеше экономикалық циклда жалғасатын адамдар орындаған шаруаларды автоматтандыру процесімен салыстырғанда бұрыннан бар бизнес-модельдерді түбірімен өзгерту шапшаң жүруі мүмкін. Мұны Blockbuster Video компаниясынн сұраңыз.

Компаниялардың табыс табуы мен бәсекеге төтеп беруінде, өсіп жатқан шығындарды жауып, әлсіз ойыншыларды біртіндіп ығыстыруында ұқсастықтар болмаса, бизнес-цикл болмас еді. Циклдың әр кезеңінде ең жақсы пісіп тұрған жемістерді теріп алатын сұңғыла инвесторлар болады. Десе де, алдағы шаруа әдеттегіден әлдеқайда ауыр болып көрінеді. Қазіргі цикл соңына жетіп қалғандықтан, инвесторлар өтімділіктің төмендігі, популизмнің өршуі және революциялық жаңа технологиялардың өркендеуі сияқты мәселелерден туындайтын белгісіздікті саралауы керек.

Бұл – шынымен басқа заман, әрі бұл – жақсы заман болмауы да мүмкін.

Кристофер Смарт – Barings компаниясының Макрокономика және геосаяси зерттеу бөлімінің басшысы, Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Похожие материалы