"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ мен "Бузгул Аурум" ЖШС-ның басшылары қамауға алынғалы бері осыған қатысты күнде бір ақпарат шығады. Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Бузгул Аурум» ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаев БЖЗҚ-ға құнды қағаздарды орналастырудан түскен және компанияның депозит есепшотында жатқан 5 миллиард теңге сомасындағы қаражатты өз мақсатына жаратқан деген ақпарат таратты. Ал бұл қандай компания, немен айналысады? Анықтап көрейік.
Кazakhstan-companies.tsetso.info сайтының ақпаратында Бузгул Аурум ЖШС ретінде 2006 жылдың 8 маусымында тіркелген. Басшысы - Азат Найзағарин. 2016 жылдың 31 мамыр айындағы ақпарат бойынша компанияның жалғыз қатысушысы, "АлатауМұнайАлтын" АҚ бақылау кеңесінің төрағасы - Бақытжан Сағындықұлы Кенжебаев. Оған эмитенттің жарғылық капиталының 100%-ы тиесілі. Негізгі қызмет түрі - геологиялық барлаулар мен ізденістер (ғылыми зерттеулер мен әзірлемесіз). Яғни компания алтын кеніштерін игерумен айналысады.
KASE сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2016 жылдың 1 шілдесіндегі ақпарат бойынша компанияның жарғылық капиталы 14 млн 919 139 теңге, меншікті капиталы 14 млн 914 551 теңге, жинақтық активтері 15 008 469 теңгені құраған.
Ал ҚР Ұлттық банкі 2016 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Республикасының "Бағалы қағаздар туралы" Заңының 102-бабының 1-1 тармақтарында қарастырылған өз қызметі жайлы ақпаратты жариялау міндеттемесін орындамағаны үшін аталған компанияға тәртіптік жаза қолданған.
Бұдан бөлек 2016 жылдың 6 қазанында Қазақстан қор биржасында "Бузгул Аурум" ЖШС өзінің 500 мың облигациясын жылдық 19,00 %-бен орналастырды.
"АлатауМұнайАлтын" АҚ қандай компания?
Қазақстан қор бирржасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, компанияның жарғылық капиталы 92 600 теңге, меншікті капиталы 29 308 теңге. Жиынтық активтері 111 137 теңге. Жарияланған жай акцияларының саны - 20 000 000. Оның 4630-орналастырылған. Оған Бақытжан Кенжебаев иелік етеді.
Аталған компания Алматы қаласының Әділет департаментінде 2014 жылдың 24 қазанында тіркелген. Компания тау-кен, мұнай-химия, химия, өндіру, магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдерін жобалау және пайдалану қызметімен айналысады.
Компаниялар туралы ақпарат басқа ашық дереккөздерден табылмады.
Тағылған айып қандай?
"АлатауМұнайАлтын" бақылау кеңесінің төрағасы - "Бузгул Аурум" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаев пен компания директоры Азат Найзағарин екі айға қамалды. Оларға "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағып отыр. Мұның себебі - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алтын қазу компаниясынан жылдық мөлшері 19 пайыз болатын құнды қағаздарды өз есебінен сатып алған.
Бұл келісімге Ұлттық банк басшылығы күдікпен қарап, нәтижесінде қаржы реттеушісінің өкілдері құқық қорғау органдарына арыз түсіреді. БЖЗҚ өкілдері болса бірінші кезекте зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінде «Бузгул Аурум» ЖШС-ның құнды қағаздары жоқ екенін айтып, түсіндірді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратынша, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевтың ықпалымен жасалуы мүмкін, ол «БЖЗҚ» АҚ инвестициялық комитетінің жетекшісі бола отырып, қордың «Бузгул Аурум» ЖШС құнды қағаздарын сатып алуы үшін осы мәселені жылдамдатып шешу мақсатында қоластындағыларға ықпал еткен. Ал қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахтов осы келісім бойынша қайталама қорытынды толтырып, онда «Бузгул Аурум» ЖШС құнды қағаздарын сатып алуда қатер жоқ деп көрсеткен. Өз кезегінде «Бузгул Аурум» ЖШС директоры Азат Найзағарин осы ЖШС-дан қор биржасына және «БЖЗҚ» АҚ-ға құнды қағаздарды орналастыру процесінде бірқатар жалған құжаттарға қол қойып өткізген.
Нәтижесінде «БЖЗҚ» АҚ мен «Бузгул Аурум» ЖШС арасындағы осындай келісім жасау арқылы 100 пайызға мемлекеттік мекеме болып саналатын қордан 5 миллиард теңге сомасында қаражат жымқырылған.