Дәл қазір Халықаралық футбол федерациясының 10 жоғары лауазымды шенеунігі Швейцарияда қамауда. Олар бірнеше жыл ішінде миллиондаған доллар көлемінде пара алды деп күдіктеліп отыр. Ойыннан бизнеске айналған ФИФА-дағы жанжал бірнеше сағат ішінде әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударып үлгерді. 7kun.kz cоңғы 72 сағат ішінде болған даудың хронологиясын ұсынады.
30 мамыр. Жемқорлыққа байланысты шуға қарамастан Йозеф Блаттер бесінші рет ФИФА президенті болып сайланды. Мұндай шешім ФИФА-ның 65-ші конгресінде қабылданды. Оның қарсыласы Иорданиялық ханзада Али бин аль-Хуссейн екінші турда өз кандидатурасын алып тастады. Бірінші турда Блаттер де, Әл-Хусейн де жеңіс үшін қажетті минимум ұпайлар санын жинай алмағанымен, швейцарлық артықшылыққа ие болды. Оған 133 дауыс, ал йорданиялық ханзадаға 73 дауыс берілді. Арнайы тәртіп бойынша екінші тур жарияланды. Бірақ бірінші кезең аяқталысымен Әли өз еркімен кандидатурасын алып тастады. Енді Блаттердің құзыры 2019 жылға дейін жалғасады. Бесінші президенттік мерзім аяқталғаннан кейін оның жасы 83-ке келеді. Жеңістен кейінгі мәлімдемесі кезінде ол жемқорлық даулары үшін жауапкершілікті алатындығын, бірақ оны ұйымның басқа да мүшелерімен де бөліскісі келетіндігін атап өтті. "Біріншіден, мен Әли ханзадаға алғыс айтып, оның жақсы нәтижеге жеткендегіне тәнті екендігімді жеткізгім келеді. Ол күресті жалғастырып, көп дауыс жинауы да мүмкін еді. Бірақ маған тағы да 4 жыл қалуға рұқсат бергендеріңізге рахмет айтамын. Мен ФИФА атты кемені басқаратын боламын және біз оны қайта жағаға шығарамыз", - деді жаңа сайланған президент. Өзінің "әрқайсысының президенті болғандығын" атап өтуді де ұмытқан жоқ. "Сіздер маған ұнайсыздар, маған ФИФА-ны қайтардыңыздар. Өз дауыстарын Әли ханзадаға бергендердің барлығын құттықтаймын. Бірақ қазір мен әрқайсысының президентімін, мен - ФИФА президентімін", - деді Йозеф Блаттер жеңісінен кейін. Сондай-ақ, Ресей мен Катарды 2018 және 2022 жылдардағы ӘЧ иелері ретінде таңдаудың ұйымға проблема тудырғандығын да мәлімдеді. Аталған мәселелерге қарамастан ФИФА 2016 жылы Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыру үшін 185 млн доллар бөлмекші. 2 күн бұрын басталған дау енді қызып келеді. Әлемдік БАҚ Блаттердің президент болып сайлануы аталған дауға ілікпейтіндігіне кепілдік болмайды деп жазуда. Португалияның бұрынғы ойыншысы Луиш Фигу оның жеңісін қатты сынға алып, 29 мамырды футбол үшін тағы бір "мұңды күн" деп атады. "ФИФА жеңілді, бірақ бәрінен де футбол мен оны маңызды деп есептейтіндердің барлығы жеңілді. Егер оның адамшылығы болса, жақын күндері ол отставкаға кетуі қажет", - деп қорытындылады Луиш Фигу. Англияның футбол ассоциациясының басшысы Грег Дайк ФИФА-ның Блаттер басшылығымен қайта құрылуы мүмкін емес деп есептейді. "Оның реформаларға 16 жыл уақыты болды, бірақ ол мұны жасаған жоқ. Енді ФИФА сайлау нәтижесін талқылап, ары қарай не болатындығын шешпек. Бұл тек басы ғана. Әлі көп нәрсе анықталған жоқ", - деді Дайк. 29 мамыр. Бүгін ФИФА үшін бетбұрыстық оқиғалардың бірі болмақ. Дәлірек айтқанда, Әлемдік футбол федерациясының конгресі Блаттердің тағдырын шешеді деп жазады ВВС. ФИФА конгресінің 209 делегаты ұйымның келесі президентін таңдауы керек. Жемқорлық жанжалына қарамастан Йозеф Блаттер өз кандидатурасын бесінші рет ұсынып отыр. Оның қарсыласы - Иордания ханзадасы Әли бин Әл-Хұсейн. Әрқайсысына мәлімдеме жасау үшін 15 минут уақыт берілген. Осыдан кейін 209 делегацияның әрбір өкілі үміткерлердің біріне дауысын беруі қажет. Бірінші раундтағы жеңіс үшін кандидатқа жиналғандардың үштен екісі дауыс беруі тиіс. Егер үміткерлердің бірі бірінші тур үшін қажетті 140 дауысқа ие бола алмаса, екінші турдағы жеңіс үшін ең көп дауыс жинау жеткілікті. Қазіргі президент Йозеф Блаттер осы лауазымында 17 жыл отыр және Азия, Африка және Латын Америка елдеріндегі делегациялар тарапынан күшті қолдауға ие. Цюрихте болған жанжалдан кейін ФИФА ұйымындағы көптеген адамдар оның отставкаға кеткендігін талап еткен, бірақ ол мұндай ойы жоқ екендігін мәлімдеді. Қайта сайланса қазіргі проблемаларды шеше алатындығына сенімді. "Біз футбол мен ФИФА-ның абыройына нұқсан келуіне жол бере алмаймыз. Көпшілігі мені жауапты деп есептейді. Бірақ мен барлығын бірдей бақылай алмаймын. Егер біреу бұрыс жолға түскісі келсе, мұны жасыруға тырысады", - деді Й.Блаттер өз сөзінде. Қарсыласы Әли ханзада Әлемдік футбол федерациясында аса беделге ие емес, бірақ оның кандидатурасын Еуропа елдерінің көпшілігі қолдайды. Осыған дейін Еуропалық футбол ассоциациясы одағының (УЕФА) президенті Мишель Платини одақтың көпшілік мүшелері "өз дауыстарын қазіргі президент Йозеф Блаттерге емес, оның қарсыласы, йордандық ханзада Әли бин аль-Хусейнге беретіндіктерін" мәлімдеген еді. Оның сөзінше, бүгінде ФИФА қажетті деңгейдегі күшке ие емес. Ал Әли ханзада мәлімдемесінде ФИФА-ға "өз әрекеті үшін жауапты бола алатын және өзгелерге кінә артпайтын" басшылық қажет екендігін айтты. Айта кету керек, көптеген мамандар футбол әлемі үшін жемқорлық жанжалынан кейін ФИФА-ның сайлау өткізуін қажетті шешім емес деп бағалаған еді. Бірақ Футбол федерациясының 65-конгресі де өзгеше жағдайлардан тыс қалмады. Йозеф Блаттердің мәлімдемесі кезінде залға палестиналық туы бар екі әйел кіріп келіп, ұйым басшысына "ФИФА-ға қызыл карта" деп айғайлап үлгерді. Наразылық білдірушілерді тез арада алып кетіп, ұйым президенті залға кірер жолдарды мұқият бақылап тұру қажеттігін ескертті. Ал Англиядағы футбол ассоциациясының басшысы Грег Дайк егер Йозеф Блаттер қайта сайланса, УЕФА-ның әлем чемпионатына бойкот жариялау керектігін айтты. "Егер ӘЧ-ге Англия ғана бойкот жариялап, басқалары ойнаса ешқандай мәні болмайды. УЕФА-да қосылса, бұл ықпал етуі мүмкін", - дейді Дарк. Оның есептеуінше, америкалықтар тапқан жемқорлық дәлелдері өте үлкен күшке ие. Блаттер осы аптаны өткергенімен, алдағы уақытта жеңіледі деді Англиядағы футбол ассоциациясының басшысы. Осыған дейінгі баспасөз мәслихаты кезінде УЕФА басшысы Мишель Платиндің өзі Блаттердің алдына отставкаға кету туралы мәселені қойған еді. "Мен оның отставкаға кетуін өтіндім. Жетеді енді, Зепп, дедім оған. Ол мені тыңдады да, барлығы тым кеш деп айтты", - деді Платини журналистерге әріптесімен болған әңгімесі туралы. Өз кезегінде, Йозеф Блаттерге қолдау көрсетіп отырғандардың арасында ресейлік футбол федерациясы бар. Ресей футбол одағының бұрынғы басшысы Вячеслав Колосков ФИФА-ның қазіргі президенті бірінші турда-ақ жеңіске жетеді деп есептейді. Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин ФИФА-дағы қамауды АҚШ-тың өз құзіретін өзге елдерге таратуға тырысып жатқандығымен және "Блаттер мырзаның" қайта сайлануына кедергі келтіруімен түсіндірді. Жеңімпаздың кім екендігін анықтайтын ФИФА-дағы негізгі сайлау орта еуропалық уақыт бойынша кешкі 17:00-де басталады. Еске салайық, 27-і мамыр күні таңертең полиция бір топ ФИФА шенеунігін тұтқындады. Олар бопсалаушылық және жемқорлық мақсатында 150 млн доллар көлемінде пара алды деп күдіктеліп отыр. 28 мамыр күні Халықаралық олимпиадалық комитетте жемқорлық мәселесімен айналысатын британдық журналист Эндрю Дженнингс өзінде бар құжаттарды ФБР-ға бергендігін хабарлады. Дженнигстың сөзінше, жанжалдың аяқталуына әлі ұзақ уақыт бар, ал оның басты мақсаты - ФИФА президенті Йозеф Блаттер. 28 мамыр. Таңертең футбол бизнесінің жанжалына ФИФА белсенді түрде араласты. Ұйым президенті Йозеф Блаттер "Бұл футбол фанаттары үшін де, ФИФА үшін де қиын уақыт. Аталған жағдайдың әлемдік қоғамдастықтың ұйымға деген пікіріне әсер ететіндігі де білемін" деген мәлімдеме жасады. Оның сөзіне қарағанда, "ФИФА ұйымның ішіндегі жемқорлықтың жоюына белсенді ат салысатын болады". Осы арада CNC3 арнасы Twitter-дегі микроблогына күдіктілердің бірі, ФИФА-ның вице-президенті Джек Уорнердың Тринидад және Тобаго полициясына берілгендігі туралы жазды. Футболшылардың өздері де бұл дау-дамайдан қалыс қалған жоқ. Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Диего Марадона ФИФА шенеуніктерінің қамалғанын бақылап отырып, "рахат алғандығын" айтады. "Олар мені есінен ауысқан дейтін. Олар футбол мен ашықтықты жек көреді. Блаттерді қайта таңдау үшін халыққа өтірік айтудың қажеті жоқ",- деді ол. Айта кетейік, 29 мамырда Цюрихте ФИФА президентін қайта сайлау өтеді. Йозеф Блаттердің қарсыласы - Иордания принці Әли бин Әл-Хұсейн. Оның кандидатурасын бұрынғы португалдық футболшы Луиш Фигу және Нидерланды Корольдік футбол одағының басшысы Михаэль ван Прааг қолдап отыр. Ресей спортының ресми өкілдері алаңдаушылыққа негіз жоқ деп мәлімдеді. Ал кез-келген дау-дамайдың пайдалы тұсынан табылатын букмекерлер бұл уақытта өз бәстерін өзгертіп үлгерді. Блаттердің жеңісіне ең аз 1,20 коэфициенті беріледі. Ladbrokes букмекерлік компаниясы Катарда ӘЧ-ні өткізуге бәсті қайта ашып, Катардың пайдасына 1,16, АҚШ пайдасына 4,0 коэфициент беріп отыр. Жеңімпаздардың кім болатындығын ертеңгі сайлау қорытындысы анықтамақ. 27 мамыр. Швейцария уақытымен таңғы 07:39-да Цюрихтегі бесжұлдызды Baur au Lac мейрамханасына он шақты полиция қызметкері келіп, ФИФА шенеуніктері жатқан бөлмелердің кілттерін талап етеді. Ізін ала күдіктілердің бетін ақ жаймамен жасырып, көлікке отырғызып, алып кетеді. Бірнеше минуттан кейін 6 шенеунікке АҚШ билігінің ақшаның ізін жасырды, электронды аударымдар арқылы алаяқтық жасады және пара алды деген баптар бойынша айып тағып отырғандығы белгілі болды. Бұл шенеуніктер 29 мамырда Цюрихте өтетін, ФИФА президент сайлауы болатын жыл сайынғы съездке жиналған еді. Құқық қорғаушылардың сөзінше, кең көлемдегі операцияны жүргізуге ФИФА-ның әлем чемпионаттары бойынша өтініштер және маркетингік келісім-шарттарға қатысты зерттеулер себеп болған. Жоғарыда аталған айыптауларға қарағанда, жемқорлық соңғы жиырма жыл ішінде әлемдік футбол федерациясын жайлап алған. Американдық тергеушілер ФИФА-ның жоғары лауазымды шенеуніктерінің жемқорлық жүйесі арқылы 100 млн доллар көлемінде пара алуы туралы тергеу жүргізген. Аталған қаржы АҚШ банктері арқылы өткендіктен Құрама Штаттары тұтқындалғандарды экстрадициялауды талап етіп отыр. ФИФА-ның баспасөз-хатшысы Вальтер де Григоро жемқорлыққа қатысты жанжал бойынша түсініктеме беру үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, "біз үшін бұл қиын жағдай, бірақ жоспарланған съезд өтеді" деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, ұйымның қазіргі президенті Йозеф Блаттер қамауға алынғандар арасында жоқ. Бұған қоса Швейцария Әділет департаменті мен полициясының 2015 жылдың 10 наурызында 2018 және 2022 жылдары футболдан әлем чемпионатын өткізетін елдерді анықтау кезінде орын алған астыртын әрекеттерге қатысты тергеу ісін бастағандығы белгілі болды. "Осыған қарамастан 2018 жылғы және 2022 жылғы әлем чемпионаттары Ресей мен Катарда өтеді", - деп мәлімдеді ФИФА-ның баспасөз-хатшысы Вальтер Де Григорио. Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко тұтқындалған шенеуніктердің 2018 жылғы ӘЧ-ді Ресейге өткізу туралы өтініш кампаниясына ешқандай қатысы жоқ екендігін айтты. "Олар атқарушы комитет мүшелері болған жоқ және өтініш кампаниясына қатысқан жоқ", - дейді Ресейдің спорт министрі. Еске салайық, соңғы жылы көптеген саясаткерлер Ресейді ӘЧ-ні өткізу құқығынан айыру қажеттігін талап еткен-ді. Ұлыбританияның бұрынғы вице-премьері Ник Клегг, Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков және өзге де шенеуніктер "Ресей президенті Владимир Путинге мұндай турнирді өткізуге мүмкіндік беру дұрыс емес" деп мәлімдеген болатын. Швейцарияның Әділет департаменті мен полициясы ФИФА-ның кеңсесінен тергеуге қатысты қажетті құжаттарды тәркіледі. Таңдау жасауға қатысқан 10 адам Әділет министрлігіне түсініктеме беруі керек деп жазылған ведомства сайтында. Жемқорлыққа қатысты айыпталған шенеуніктердің жанжалынан кейін #FIFA хэш-тегімен шыққан жазбалар Twitter-дегі трендтің бірінші ондығына шықты, Ресурстың Швейцария, АҚШ, Франция, Германия, Ресей трендінде және әлемдік Worldwide рейтингінде алдыңғы орындарға ие болды. Тұтқындалу туралы ақпараттан екі сағат өткен соң хэш-тег әлем бойынша абсолютті бірінші орынға шықты. Сондай-ақ Russia and Qatar және ФИФА белгіленімдері бар жазбалар да әлемдік рейтингтен орын алды. https://twitter.com/GaryLineker/status/603465132342124544 "Жер бетінде ФИФА-дан өткен жемқор ұйым жоқ. Картадан құрастырылған үй құлады. Өзгеріс уақыты!", - деп жазады Англия құрамасының аңызға айналған бұрынғы ойыншысы, ВВС жүргізушісі Гари Линекер. Орыстілді твиттерде "Батыс деградацияға ұшырап жатыр. АҚШ Ресейден футболдан ӘЧ-ні алып қойғысы келеді" деген мазмұндағы жазбалар тарала бастады. Бұл уақытта қамауға алынғандардың толық тізімі де жарияланған болатын:- Джеффри Уэбб - Кайман аралдары, ФИФА вице-президенті, КОНКАКАФ президенті
- Эухенио Фигередо - Уругвай, ФИФА вице-президенті
- Джек Уорнер - Тринидад және Тобаго, ФИФА бұрынғы вице-президенті
- Хулио Роча Лопес - Никарагуа, ФИФА-ның даму бойынша департаменті
- Эдуардо Ли - Коста-Рика, жергілікті футбол федерациясының президенті
- Костас Таккас - Кук аралдары, КОНКАКАФ президенттігінің атташесі
- Рафаэль Эскивель - Венесуэла, жергілікті футбол федерациясының президенті
- Жозе Мария Марин - Бразилия, жергілікті футбол федерациясының бұрынғы президенті
- Хосе Маргулис - заңсыз төлемдер кезінде өзара делдал болды деп айыпталушы
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"