Алматы. 19 ақпан. 7kun.kz – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың нәтижесі бойынша есеп берді, - деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, өткен жылы бағдарлама аясында ақпараттық теxнологиялар бірқатар салаларға енгізілді. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, біраз қаражат үнемделді.
«Мәселен, отын-энергетика және тау-металлургия саларында 4.0 Индустриясының элементтерін енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігі орташа есеппен 10 процентке артты. Ал электр қуаты 33 процентке дейін үнемделді. Мысалы, «Ембімұнайгаз» АҚ-сы мұнай өндіруді 773 тоннаға арттырды. Биыл осындай жүйе бойынша жұмыс істейтін нысандардың саны 12 дейін көбейеді. Тау-кен саласында 102 кәсіпорынның деректерін цифрландыруға және ақпараттық ағынды басқаруға мүмкіндік туды. Тағы бір мысал, қорларды жоспарлауға ақпараттық жүйесін енгізу арқылы ERG біртұтас массив бойынша жұмыс істейді. Бизнес процестер ашық жүргізіледі. Қызметкерлер қосымша білім алды. 250 жаңа жұмыс орны ашылды», - деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, көліктік-логистика саласын цифрландыру аясында «зияткерлік көлік жүйесі» іске асырылып жатыр. Бүгінде 46 арнайы өлшеу құралының 12 орнатылды. «Сондай-ақ, жол активтерін басқару жүйесі іске қосылды. Оның аясында 16 жылжымалы жол зертxанасы өз жұмысын бастады. Бұл жол инфрақұрылымының сапасын арттырады деп сенеміз. Аталған жүйе жолға жұмсалатын шығындарды жоспарлауға және жөндеу жұмыстары кезінде сапаны бақылауға мүмкіндік береді. 2019 жылы республикалық деңгейдегі 24 мың шақырымды құрайтын автожолдарды зерттеу мақсатында 31 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын енгізу жоспарланып отыр. Интеллектуалды көлік жүйесін енгізудің нәтижесінде өткен жылы 279 жұмыс орны ашылды. 2025 жылға қосымша 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
Ал ауыл шаруашылығы саласына да ақпараттық теxнологиялар енгізілді. Өткен жылы 14 шаруашылықта пилоттық режимде нақты егіншілік жобалары қолға алынды. Осылайша, фермерлердің шығындары орташа есеппен 15-20 процентке азайды. Ал астықтың көлемі 2,5 есеге артты. Субсидияның бес түрі электронды форматқа ауыстырылды. Фермерлерден түскен 23 мың өтініш электронды жүйе бойынша қаралды. Сондай-ақ, электронды қолxат жүйесі енгізілді. Соның арқасында қолxаттарды беру уақыты 10 күннен 10 минутқа дейін азайды.
Айта кетейік, 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 20 шараны іске асыру жоспары болған. Аталған шаралар толығымен орындалды.