Д.Абаев: 2 миллионға жуық ауыл тұрғынын интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда
Астана. 25 мамыр. 7kun.kz – Кең ауқымды интернет желісімен қосымша 2 миллионға жуық ауыл тұрғынын қамтамасыз етуді жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астана экономикалық форумы аясында министрлік пен Дүниежүзілік банк бірлесіп ұйымдастырған «Building a Digital Future» дөңгелек үстел мәжілісінде мәлімдеді.
"Мен Қазақстанның сандық қоғам құру жолындағы жетістіктері туралы айтып бердім. Сонымен қатар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2020 жылға дейінгі жоспарын ортаға салдым", - деп жазды ол фейсбуктағы ресми парақшасында. Оның айтуынша, жоспар келесідей:
- кең ауқымды интернет желісімен қосымша 2 миллионға жуық ауыл тұрғынын қамтамасыз ету; - сандық сауаттылық деңгейін 85%-ға дейін, ал электрондық қызметтерді пайдаланатын азаматтар үлесін 70%-ға дейін ұлғайту; - сандық эфирлік хабар тарату желісімен халықтың 95%-ын қамту; - ақпараттандыру саласындағы мемлекеттің күрделі шығыстарын азайтып, жобаларды жеке инвестициялар есебінен жүзеге асыруға өту; - электрондық үкімет сервистерінің кемінде 80%-ын «бұлтты» инфрақұрылымға көшіру.
"Сандық әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістерден шет қалу – жаһандық экономика көшінен ұзақ жылдарға қалып қоюмен бірдей", - деді министр.