Астана. 1 маусым. 7kun.kz - «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» Заң жобасы төлем қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар жаңалықтарды ұсынады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде атап өтті.
Отырыс барысында «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төлемдер мен төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары бірінші оқылымда қаралды.
Д.Ақышевтың айтуынша, банктердің төлемдерді орындау мерзімдері қысқартылған. Жаңа заң жобасы үшінші тұлғалардың талап етуі бойынша азаматтардың банк шоттарынан жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін өндіріп алуға шектеуді де енгізеді.
Банктердің төлем қызметтерін көрсету тарифтері айқын бола түседі. «Банктердің клиентті төлем операциясын жасағанға дейін комиссия мөлшерімен таныстыру міндеті, сондай-ақ шарттың талаптарын және тарифтерді ұлғаю жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге тыйым салу енгізіледі», - деп хабарлады Д. Ақышев.
Бұдан басқа, оның айтуынша, заң жобасы Ұлттық Банктің құзыретін айқындайды, төлем жүйелерін және төлем қызметтерін жеткізушілерді мемлекеттік бақылау негіздерін бекітеді.