Қазіргі кездегі экономикалық жағдайға байланысты теңгенің нығаюы үшін Ұлттық банк резервтерін босқа жұмсауға ниетті емес. Бұл туралы банк басшысы Данияр Ақышев Алматыда өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Қаржы реттеушінің мәліметі бойынша, 2015 жылы Ұлттық банктің жалпы халықаралық резерві 3,9%-ға төмендеп, 28,1 млрд долларға жеткен. Ұлттық қордың активтері 13,3%-ға түсіп, 63,5 млрд долларды құрады. Ал Ұлттық қор активтерін қоса есептегенде мемлекеттің халықаралық резерві 10,6% болып, 91,6 млрд долларға азайды.
Данияр Ақышев Ұлттық банктің валюта нарығына қатысуы 3%-ға кемігеніне баса назар аударды. Сондықтанда теңгенің нығаюы үшін резервтер босқа жұмсалмайды.
«Ұлттық банктің алтын валюталы резерві (АВР) валюта нарығында валюталарды сатудан немесе сатып алудан өзгеріп жатқан жоқ. АВР-ға Ұлттық банк бақылауында болып жатқан барлық факторлар әсер етеді. Біріншіден, АВР-ға алтын портфелі қатысады және ол бағаланады. Екіншіден, АВР-ның тек доллармен ғана емес, басқа да курсы өзгеретін шетел валюталарымен инвестицияланатынын есепке алуымыз керек. Үшіншіден, Ұлттық банктің пассивтерінде екінші деңгейлі банктердің шетел валюталарында резервтері бар. Сондықтан бұл да ҰБ резервіне ықпал етеді", - деді Д. Ақышев.
Реттеуші 2015 жылы теңгені әлсіретіп алмас үшін Ұлттық қордан қанша қаржы жұмсалғаны туралы нақты ақпарат бере алмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Ұлттық қордан инвестицияланған және шығындалған қаржы жөніндегі сұрақтар Ұлттық банкке емес, үкіметке бағытталуы керектігін айтты.
Фото: khabar.kz