Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Д.Ерғожин: Қазақстанда базарлар мүлде жойылуы мүмкін

Д.Ерғожин: Қазақстанда базарлар мүлде жойылуы мүмкін

Қазақстанда базарлар түгелімен жойылып кетуі мүмкін. Бұл жөнінде Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин бейсенбі күнгі брифинг барысында айтты. 2018-2019 жылдарға қарай базарлардың барлығын сауда үйлеріне айналдыру керек. Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық экономика министрлігіне осындай ұсыныс білдіріп отыр деп хабарлайды Tengrinews.kz

"Біз ашық аспан астында сауда жасайтын ортағасырлық бизнес жүйесінен шығуымыз керек. Егер біз дамыған отыз елдің ішіне енгіміз келсе, мен мына статистиканы келтіре аламын: Германия мен Францияда сауда үйлері арқылы келетін тауар айналымы кем дегенде 95 пайызды құрайды, ал қалған 5 пайызы фермерлерге арналған жәрмеңкелер мен ұсақ базарлардың еншісінде. Бізде сауда барлық тауар айналымының 50 пайызын ғана жабады. Бұл біздің сауда жүйеміздің артта қалғанын және тәртіптің жоқтығын көрсетеді. Сол себепті біз сауда және сауда ісі жөніндегі заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отырмыз", - дейді Д.Ерғожин. Бұл үшін заңнама аясында саудадағы құжаттарды бақылауды ескеру қажет. "Мысалы, қазір базарға барып тауардың шығарылатын жері туралы сертификат сұрайтын болсаңыз, ала алмайсыз. Бұл – бір. Екіншіден, кеңес дәуірінде мәселен, азық-түлік сататын болсаңыз, сізде санитарлық кітапша болып, рұқсат алуыңыз міндетті еді. Қашан соңғы рет азық-түлік алып, санитарлық кітапша сұраған едіңіз, есіңізде ме?" – деп сауал қойды журналистерге комитет басшысы. Ерғожин мысал ретінде Алматы қаласын келтірді. Алматыда 1 маусымнан бастап салықтық тексеріс жүргізіліп жатыр. "Мен сіздерге мынаны айтайын, сіздердің көретіндеріңіз бергі жағы, ал біз оның арғы жағын көреміз. Қандай жерде, қандай қоймадада тұратындығын білеміз. Міндетті түрде құжат сұрағандарыңыз дұрыс. Бұл жерде қоғам тарапынан қолдау қажет. Тұрғындар құжаттар сұрап, өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етулері тиіс ", - дейді Д.Ерғожин. Одан бөлек, POS-терминалдардың санын көбейту үшін қосымша бағдарлама қолға алынатындығын айтып өтті.  "Кәсіпкерлер POS-терминалдарды қолданулары керек. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 14 млн 825 мың қазақстандық пластик карталарын қолданады екен. Бірақ, 66 мың кәсіпкерде ғана POS-терминалдар бар. Біз үкіметке терминалдардың санын көбейту туралы ұсыныс айттық", - дейді комитет төрағасы.

Похожие материалы