"Нұрлы жер" бағдарламасымен 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі
Алматы. 5сәуір. 7kun.kz – 2018 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылы Республикалық бюджеттен «Даму» қоры «Нұрлы жер» бағдарламасына 10,7 млрд теңге қарастырылған. Даму қорына бөлінген қаражат тұрғын үй салатын құрылыс компанияларының несиелерін субсидиялауға жұмсалады.
«Даму» Қорының субсидиялау департаментінің директоры Тоғжан Алмантаева: «ҚР Ұлттық банктің белгілеген мөлшерлемесі бүгінгі күні жылына 16% құрап отыр. Оның 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Құрылыс жүргізуші жақ қалған 9 пайызын төлейді", - деп айтты.
Сонымен қатар, департамент директоры субсидияның кімдерге берілетініне толығырақ тоқталып өтті.
Атап айтқанда, субсидия тұрғын үй ғимараттарын салумен айналысатын кәсіпкерлерге жаңадан несие алғанда беріледі. Ал бұрыннан тұрған ғимарттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңартумен айналысатын компаниялар бұл санатқа кірмейді.
Бағдарламаның талаптары бойынша - құрылыс жүргізуші компания тұрғын үйлердің кем дегенде 50 пайызын шекті бағамен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өткізуі керек.
Астана мен Алматы қаласында әрлеу жұмыстары жүргізілген пәтерлердің бағасы 1 шаршы метріне 260 мың теңге дейін жетсе, басқа қалалардағы баспана құны 220 мың теңгеге дейін бағаланып отыр.
Ал жеке үйдің құрылысында 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспайды (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құнын есептемегенде).
Сонымен қатар, аталған бағдарламада ипотекалық несиелердің пайызыдық мөлшерлемелерін субсидиялау қарастырылған. Оның ішінде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы берілген несиелер де бар.